Бүгін республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алды. Әрі Мемлекет басшысы әр аймақ, қала басшыларына көгалдандыру, абаттандыру мәселесіне орай тапсырмалар берді. « Таза Қазақстан» акциясының бірінші аптасы «Таза өлке» деп аталады. Бастапқы жеті күн ішінде елді мекендердің тұрғындары, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды тазалайды.
20 сәуірге дейін жалғасатын екінші аптаға «Киелі мекен» аты беріледі. Бұл күндері тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.
27 сәуірге дейінгі үшінші аптаға «Жасыл аймақ» тақырыбы қойылып, бұл апталықта ағаш көшеттері отырғызылады және ағаштар әктеледі.
«Өнегелі ұрпақ» деп аталған келесі апталық 4 мамырға дейін жалғасады – деп көрсетілген. Айтылған күндері ардагерлер мен қарттардың аулалары тазаланып, оларды абаттандыруға көмек беріледі. «Мөлдір бұлақ» аты берілген соңғы, бесінші аптада су айдындары – өзендер мен көлдердің айналасы қоқыстан тазартылады. Бұл дұрыс бастама деп санаймын. Талды қалада мұндай жұмыстар бұрыннан қолға алынған. Тек жастарымыз игі іске үлес қоссын!
Мұрат Қалық, ардагер