Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында бірқатар өзекті мәселелер талқыланып, оны шешу жолдары қарастырылды, қоғамдық құндылықтарды жаңғырту үшін маңызды қадамдар жасалды.
Президент әлеуметтік, шаруашылық, идеологиялық және басқа да салалардағы бағдарымызды айқындап, нақты шараларды қолға алуымыз керектігін баса айтты. Сонымен қатар, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз қажеттігін, жаппай кітап оқитын ұлтқа айналу маңызды факторлардың бірі екендігін тілге тиек етті. «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек»-деп елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы тапсырмасына сәйкес Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтеретіндігін мәлімдеді. Онда жастардың шығармашылықпен айналысып, білімін ұштауына толық мүмкіндіктер қарастырылмақ. Құрылтай мүшелерінің Ұлттық кітап күнін атап өту ұсынысын қолдайтындығы, оны мейлінше мазмұнды етіп өткізу, түрлі іс-шаралар, арнайы жәрмеңкелер ұйымдастыру, кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыру бастамасы көңілге қуаныш ұялатты.
Аймарал Дәулетбек