Талдықорғанда «Дәстүр даналығы» кітабының тұсауы кесілді

537

Талдықорғандағы өңірлік коммуникациялар алаңында Бұқаралық ақпарат өкілдерінің назарына «Дәстүр даналығы» кітабы таныстырылды. Кітаптың авторы, Жетісу облысының денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы, журналист, жазушы Ләйлім Әубәкірова. Қаламгер осы еңбекті жазуға 2 жыл тер төккенін айтты. Кітап 3000 данамен жарық көрген.

Кітапта негізінен, қазақ халқы үшін рухани құндылықтың бастауы болған салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың бүгінгі қоғамдағы рөлі мен маңыздылығы туралы айтылған. Онда бала тәрбиесінен бастап, отбасылық, достық, ағайындық қарым-қатынастың дұрыс қалыптасуына арқау болған қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары көрініс тапқан.

«Айтулы этнографтардың жинақтары мен кітаптарын негізге алып, зерттеушілердің пікіріне сүйеніп салт-дәстүрдің озық түрлерінің қазіргі заманда ұрпақ тәрбиесіне әсері, сондай-ақ, қоғамда туындаған мәселелер мен оны шешу жолдары талданды. Жалпы қазақ дәстүрінен халықтың мінез-құлқын, болмысы мен дүниетанымын, мәдениеті, тілі мен дінін, өмір сүру жолын байқауға болады. Сондықтан жалпы қауымға ұлттың алтын діңгегі – құндылығын, тәрбиелік түп-тамырын түсіндіру, дәріптеу мақсатында ұсынылған кітап деп айта аламын», – деп атап өтті Л.Ахметжанқызы.
Жаңа кітап облыстың барлық негізгі кітапханаларына жеткізілді. Сондай-ақ кітапсүйер оқырман «Дәстүр даналығын» электронды форматта да оқи алады. Ол үшін Google іздеу жүйесінде кітаптың атын теру жеткілікті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз