Есімі әлемге танымал кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің президенті болып сайланды. Ол бұл қызметте Тимур Құлыбаевтың орнын басып отыр. Шешім кеше ҰОК бас ассамблеясының отырысы барысында қабылданды.
ҚР ҰОК Бас ассамблеясының отырысына олимпиадалық спорт түрлері бойынша 35 ұлттық спорт федерациясының өкілдері мен ұйымның спортшылар комиссиясынан 2 өкіл қатысты.
34 қатысушы Геннадий Головкиннің кандидатурасын қолдады, екеуі қалыс қалды.
Спорт әлемінде GGG лақап атымен танымал болған Геннадий Головкин шаршы алаңда шашасына шаң жұқтырмай, әуесқой да, кәсіпқой да бокста өзінің ұрыс мәнерімен, ерекше стилімен миллиондаған жанкүйердің сүйікті спортшысына айналған.