«Отау» бағдарламасы аясында өтінімдерді қабылдау 1 наурызда басталады. Аталмыш бағдарламаға Отбасы банк салымшылары, оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар қатыса алады. Бұл жөнінде Жетісу облыстық Отбасы банк филиалы директорының орынбасары Қуандық Нұрғалиев пен бизнесті дамыту бөлімінің 1 санатты маманы Айдос Жұмаев баспасөз мәслихатында хабарлады.
Үміткердің жинақ шоты ең кемі 18 айлық, өтінім беру сәтінде депозиттегі жинақ сомасы 1 млн теңгеден кем болмауы, бағдарламаға қатысушыда және оның отбасы мүшелерінде соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлік болмауы, қатысушы жасы 18-ден 63 жасқа дейін болуы тиіс. Ұпайлар салым бойынша сыйақы мөлшері үшін әрбір 1 000 теңгеге 5 балл, салым мерзімі үшін салымның әрбір жылы үшін 5 балл, тіркелген неке үшін 10 балл, балалардың болуы үшін санына қарамастан 50 балл көлемінде есептеледі. Егер үміткерлердің ұпайларының саны бірдей болып қалса, онда басымдық салым сомасы көбірек және жинақтау мерзімі ұзағырақ адамдарға беріледі. «Отау» бағдарламасы – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысушылар үшін баспана сатып алудың қосымша құралы. Ол халық арасында үнемдеу мәдениетін нығайтуға әрі арттыруға арналған. Себебі, ең үнемшіл салымшылардың төмен пайыздық мөлшерлеме бойынша заем алу мүмкіндігі бар. Заемдардың жартысынан астамы 35 жасқа дейінгі қазақстандықтарға кредит беруге бөлінетін болады», — деді Қуандық Төлеуғазыұлы.
Сонымен қатар, өңірде облыс әкімдігімен бірлесе «Жетісу жастары» бағдарламасы да іске қосылады. Оған баспана кезегінде тұрған Талдықорғанда жұмыс істейтін азаматтар қатыса алады. Бағдарламаны іске асыру үшін Жетісу облысының әкімдігі 500 млн. теңге көлемінде қаражат бөліп отыр. Қатысушыларға қойылатын талаптар:
— өтініш берген уақытта қатысушының жасы 35 жасқа дейін болуы;
— Талдықорған қаласында кемінде 1 жыл тұрақты тіркеуде болуы;
— соңғы бес жылда тұрғын үйге меншік құқығы болмауы;
— Талдықорған қаласында таңдаған саласы бойынша кемінде 1 жыл ресми жұмыс өтілі болуы;
— баспана кезегінде тұрғанын растауы қажет. Айдос Берікұлы «Жетісу жастары» бағдарламасы бойынша заемның сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5%, ең жоғары сома – 10 млн. теңгеге дейін. Егер бағдарламаның болашақ қатысушысы құрылыс салушыдан жаңа тұрғын үй алуды жоспарласа, онда ол үшін бастапқы жарна 0%, егер үй немесе пәтер қайталама нарықтан сатып алынса, онда бастапқы жарна 10% тең болады. Несие 19 жылға беріледі. Жеңілдікпен несие алатын үміткерлер пулына ұпай санын көп жинаған қатысушылар кіретін болады. Ұпайларға некеде тұрған жылдар саны, балаларының бар-жоқтығы, жұмыс орны мен өтілі, мамандығы, жеке кәсіпкер ретіндегі тәжірибесі, Талдықорған қаласында тіркеуде тұру мерзімінің ұзақтығы және өзге де тармақтар есептеледі» – деп өтінім 7 наурызға дейін қабылданатындығын атап өтті .