Қарт әжейді өрттен құтқарған әскери қызметші марапатталды

444

Талдықорғанда отқа оранған үйден қарияны құтқарып қалған аймақтағы десанттық-шабуылдау әскерлеріне қарасты 18404 әскери бөлімінің сержанты Ерік Қасымбеков марапатталды. Ол төтенше жағдайлар министрлігінің «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалін кеудесіне тақты.

Нақтырақ айтсақ, үстіміздегі  жылдың 18 қаңтарында Талдықорған қаласы Красин көшесінің бойына орналасқан бес қабатты үйде электр сымдарының тұйықталуынан өрт шыққан. Кіреберістегі айқайды естіген Ерік Қасымбеков өз пәтерінен жүгіріп шығып көршілерінен қарт кісі тұратын пәтердің жанып жатқанын естиді. Осы сәтте ол еш ойланбастан жанып жатқан үйге кіріп, қарт кісіні қауіпсіз жерге шығарады. Әскери қызметшінің бұл батылдығы қандай да бір марапатқа лайық. Жетісу облысы төтенше жағдайлар департаменті басшысының уақытша міндетін атқарушы подполковник Жуков Игорь Евгеньевич Ерік Қасымбековке салтанатты түрде медаль табыстады.

Негізі сол күні жөндеу ротасы бөлімшесінің командирі Ерік Қасымбековке нарядта қызмет атқарғаны үшін демалыс берілген болатын.

– Қарулы күштер әскери қызметшісінің батыл қимылы адам өмірін сақтап қалды. Ол отқа оранған пәтерден 84 жастағы әжейді құтқарып шықты. Оның жанқиярлық әрекеті ескерілмей қалған жоқ. Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен Ерік Қасымбеков ведомстволық медальмен марапатталды, – деді облыстық департамент өкілі.

Мұндай қиын жағдайда басқаша әрекет ету мүмкін емес еді. Адамдарға қол ұшын созып, олардың өмірін құтқару – нағыз ер жігітке тән қасиет дейді әскери десантшы Ерік Қасымбеков.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз