Туберкулез және оның алдын алу

283

Әлем халқының төрттен бір бөлігі туберкулез микобактериясын жұқтырған. Емдеу жолы мен дәрісі болса да әлемде жыл сайын туберкелезден миллионнан астам адам көз жұмып жатыр. Жетісу облысында 2023 жылы туберкулездің 268 жағдайы тіркелген, балалар арасында – 11, жасөспірімдерде 8 жағдай.

Туберкулез – бұл микобактериялармен шақырылатын жиі өкпені зақымдайтын жұқпалы ауру. Ол – өкпені зақымдайды. Сондай-ақ, лимфа бездері, ішек, бүйрек, жыныс ағзалары, көз, сүйек, буын, ми, ми қабықшасы және басқа да ағзалар мен мүшелер зардап шегуі мүмкін. «Аурудың жұғу көзі белсенді өкпе туберкулезімен науқастанған адам. Науқас жөтелу, сөйлеу, түшкіру кезінде ауаға көптеп бактерияларды бөледі. Құрамында туберкулез қоздырғыштары бар ұсақ аэрозольдар ауада қалқып 1-1,5 сағатқа дейін сақталып, желдетілмейтін бөлмеде қоздырғыш сау адамның ағзасына енуі мүмкін», — деп атап өтті Жетісу облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, аса қауіпті инфекцияларды және туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Меруерт Амангелдіқызы.
Туберкулездің белгілері төмендегідей:
— 2 аптадан аса құрғақ немесе қақырық бөлінумен ұзақ жөтел;
— тәбеттің жоғалуы;
— дене салмағының төмендеуі;
— жалпы әлсіздік, жайсыздық, тершеңдік (әсіресе түнгі уақытта);
— жұмысқа қабілеттіліктің төмендеуі, шаршау;
— дене қызуының кезеңді жоғарылауы;
— кеуде тұсының ауруы сияқты белгілер байқалса, міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет. Туберкулез ауруы неғұрлым ерте анықталса, соғұрлым одан тезірек айығуға болады.
«Жыл сайынғы флюорографиялық тексерулерден өту – өкпе туберкулезін анықтаудың сенімді және қауіпсіз әдісі. Жыл сайын тексеріліңіз. Қазақстанда туберкулезді ерте анықтау үшін халықты жаппай профилактикалық флюорографиялық тексерулер өткізіледі. Қаралу тегін», — дейді маман.
Туберкулезбен ауырмау және ауыр асқынған түрлерінің алдын алу үшін вакцина алған дұрыс. Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес жаңа туылған нәресте дүниеге келген кезде 1-4 күні БЦЖ екпесімен егіледі. Мамандар сондай-ақ, шылым шекпеуге, ішімдікке салынбауға, құнарлы тамақтануға кеңес береді.

 Айман Асылбекова, Жетісу облысының СЭБД баспасөз хатшысы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз