Жатыр мойны обыры — жатыр мойны эпителийінде пайда болатын қатерлі ісік. ЖМО қазақстандық әйелдерде жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі болып саналады. Сонымен қатар, бұл адам папилломавирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау арқылы алдын алуға болатын жалғыз обырдың түрі. Ағымдағы жылдың 3-тоқсанынан 11 жастан бастап қыздарға вакцинация жүргізу жоспарлануда. Бұл жас ДДҰ, онкологтардың ұсынымдарына сәйкес таңдалған, өйткені 11-14 жаста вакцинация ересек жастағы вакцинациямен салыстырғанда неғұрлым тиімді, тұрақты иммунитет қалыптасады.
АПВ-ға қарсы вакцинациялау — папилломавирустық инфекцияның және АПВ-мен байланысты аурулардың, соның ішінде жатыр мойны обырының алдын алудың танылған әдісі. Жаппай вакцинациялауды ДДҰ, ACOG, ESGO, SGO, ACS және басқа да көптеген ұйымдар қолдайды. Бұл ДДҰ-ның денсаулық сақтау мәселесі ретінде жатыр мойны обырын элиминациялауды (жоюды) жеделдету жөніндегі жаһандық стратегиясының маңызды құрамдас бөлігі. Вакцина Ұлттық егу күнтізбесіне енгізіледі, ата-аналардың балаларды вакцинациялауға келісімін алғаннан кейін жүзеге асырылады.
Жетісу облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Күнбасова «Әлемде бұл вакцинаға сұраныс өте жоғары. Бүгінгі таңда 125-тен астам ел енгізді. АПВ вакцинасының төрт өндірушісі бар, олардың екеуі 2-валентті және біреуі (АҚШ) 4 және 9-валентті вакцина жасайды. Қазақстанда вакцинация екі кезеңде және ата-аналардың келісімімен ғана жүргізіледі, екінші доза тура бір жылдан кейін салынады. Денсаулық сақтау министрлігі АҚШ-та жасалған 4-валентті «Гардасил» вакцинасын сатып алуды жоспарлап отыр. Екпе қабылдау үшін қосымша талдаулар қажет емес. Әдеттегі жоспарлы түрде жүреді: екпе орнында қызару, ауырсыну және ісіну, сондай-ақ, дене қызуының көтерілуі мүмкін. Ұлдар арасында вакцинация халықтың қажеттілігі мен сұранысына байланысты қарастырылатын болады»-деп атап өтті. Иммундау 11-14 жас аралығындағы қыздар үшін тұрғылықты орналасқан мекенжайына байланысты тіркелген емханада тегін жүргізіледі. Ал, өзге қыз-келіншектер ақылы негізде клиникалардан қабылдай алады.