Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл бір отбасыны өрттен құтқарып қалған автобус жүргізушісі Қуатқали Елнұрды қабылдады.
Естеріңізге салсақ, 28 қаңтар күні қала аумағында жеке тұрғын үйдің гаражынан өрт шыққанын байқаған №24 автобус жүргізушісі Елнұр бірден көмекке ұмтылады. Ерлікке барған ол бір отбасын өрттен құтқарып қалған еді. Үй иесімен бірге 112 қызметіне қоңырау шалып, қызыл жалынды дер кезінде ауыздықтауына көмектескен.
Осыған орай, қала әкімі Елнұрдың азаматтық танытып, оқыс жағдайға бейжай қарамай, ерлік танытқаны үшін шынайы алғысын білдіріп, алғыс хатымен марапаттады.
«Сіздің ісіңіз көпке үлгі боларлықтай, соның ішінде артыңыздан өсіп келе жатқан жастарға. Елжанды азамат етіп сізге тәрбие берген ата-анаңыздың еңбегі деп білемін. Жас өрендеріміз елінің нағыз патриоты болып өссе, біздің еліміздің келешегі кемел болмақ», — деді қала әкімі.