Өткен жылдың соңында қызылша ауруының күрт өсуі байқалып, науқастардың саны 218-ге дейін өскен болатын. Ағымдағы жылы қаңтар айында сырқаттанушылық деңгейі 100 адамды көрсетті. Бұл жөнінде баспасөз мәслихатында Жетісу облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Күнбасова мен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы директорының орынбасары Гүлнар Жүсіпбекова мәлімдеді.
Спикерлер «Расталған жағдайлардың 80%-ы бұрын қызылшаға қарсы вакцинация алмаған. Бұл статистика инфекцияның таралуын бақылауда екпенің маңыздылығын көрсетеді. Қазіргі уақытта қызылшамен сырқаттанушылық айтарлықтай төмендеді. Алайда ата-аналары вакцинациядан үзілді-кесілді бас тартқан екпе алмаған балалар арасында дерт тіркелуде»,-деп атап өтті.