Талдықорғанда «Қамқор» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының базасында 18 жастан асқандар үшін 50 төсек-орынға арналған бөлімше ашылды. Бұл өткен жылы облыс әкімі Бейбіт Исабаевқа «Қамқор» орталығында тәрбиеленіп отырған балалардың ата-аналарының айтқан өтініші бойынша жасалды.
Орталықтың аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілді, оған 12,8 млн.теңге бөлінді. Ересектер бос уақытын тиімді өткізуі үшін беседкалар, серуен алаңы, сахна, воркаут алаңы жасалды. Көтергіш лифт орнатылды. Бұдан бөлек, осы жылдың екінші тоқсанында 16 млн. теңгеге жуық қаржыға монша салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ 29 млн. теңгеге орталық тәрбиеленушілерін кедергісіз тасымалдау мақсатында көлік сатып алынбақ.
Орталықтың қызметіне жүгінуші Динара Бесбаева мен Кенжегүл Қастарбекова пікірлерін білдірді:
— Қыздарымыз кәмелетке толғаннан кейін қайда барады деп уайымдап жүрдік. Қазірдің өзінде олардың жастары 16, 18-ге толды. Талдықорғанда ересектерге арналған мұндай орталық бар, бірақ жаңа адамдарға, жаңа ортаға үйрену оларға оңай болмайды. Ал мұнда бәрі бұрыннан таныс, жайлы, тіпті үйдегідей жағдай жасалған. Біз облыс әкіміне осы ғимараттан ересек тәрбиеленушілерге арналған орталық ашу туралы өтінішімізді айтқан едік. Бізге аз уақыттың ішінде мәселеміз оң шешілгені жайлы хабарланды. Басында сенбедік, қазір көзіміз жетіп, қуанып тұрмыз. Барлық ата-аналардың атынан шын жүректен алғыс айтамыз, — деді олар.
Атап өтсек, стационары бар «Қамқор» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 3 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық патологиясы бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге арналған. Осы жылдың қаңтар айынан бастап орталық базасында ересектер бөлімшесі жұмыс істей бастады. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының деректері бойынша бүгінгі күні орталықта 104 адам қызмет алады. Орталық аумағында ойын, спорт, волейбол алаңдары мен жылыжай бар. Сенсорлық, физиотерапиялық, дефектологиялық, стоматологиялық, егу, процедуралық, логопедиялық кабинеттер, сондай-ақ психолог, емдік дене шынықтыру, еңбекпен оқыту кабинеттері, мәжіліс залы бар. Тұз шахтасы, релаксация бөлмесі жұмыс істейді, музыка және кәсіптік терапия қолданылады. Қызметкерлердің штаттық саны — 167.
Жалпы облыста арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 13 мекеме жұмыс істейді, оның 6-уы – стационарлық, 7-уі – жартылай стационарлық мекеме.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуретті түсірген: Дмитрий Ерофеев