2024 жылы зиянды еңбек жағдайында істейтін азаматтарға арнайы әлеуметтік төлем тағайындалады. Арнайы төлемнің орташа сомасы 200 мың теңгеден асады. Арнайы әлеуметтік төлем 55 жасқа толған және кемінде 84 ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген, сондай-ақ зиянды жұмыстағы қызметін тоқтатқан жұмысшыларға беріледі. Зиянды өндірісте істейтін 37 мың қазақстандық арнайы төлем алуға құқылы. Төлем зейнет жасына дейін, яғни 63 жасқа дейін төленеді. Арнайы төлем алатын жұмысшылар ауыр жұмыстан жеңіл жұмысқа ауысуы шарт немесе өз қалауымен жұмыстан мүлде шыға алады. Әлеуметтік төлем бірнеше көзден төленеді: бюджеттен 2 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы; жұмыс берушінің қаражаты есебінен 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде кәсіби төлем; сақтандыру ұйымдарынан зейнетақы алдындағы аннуитет шарты бойынша 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде сақтандыру төлемі; БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемі. Айта кетері, ауыр және зиянды өндірісте істейтін жұмысшылар қатарына шахтерлер, металлургтер, кеншілер және тағы басқалары кіреді.