Қазақтың қасиетті де баға жетпес бақыты

219

Қазақтың ең қасиетті де баға жетпес бақыты,  ұлан асыр, ақ түйенің қарны жарылған ұлық мерекесі Тәуелсіздік тойы!

    «… Қазақ өзіңнің кім екеніңді ұмытпа қайсар, текті ұлтсың.   Сан ғасырлық тарихың бар жаужүрек мықты жұртсың. Дүние кезек деп атам қазақ бекер айтпаса керек. Нақты дерек көздеріне жүгінсек, тарихта  Түрік қағанаты 51, Кеңес одағы 69, Ресей империясы 196, Алтын орда 260,  Чиң империясы 267,  Қазақ хандығы 382 жыл билік жүргізген екен. Қазақ хандығының үстемдік еткен жыл саны тарихтағы небір алпауыт, дүрілдеген империялардан да көп. Ресей империясы мен Кеңес одағының жылдарын қосқанда да жалпы 265 жыл. Қазақ хандығының жыл санына әлдеқайда аз. Оның үстіне орыстардың өзі Алтын орда империясына 260 жыл бағынған. Біз Ресейге 1847 жыл бағынып, 1991 жыл тәуелсіздік алдық. Бар жоғы 144 жыл ғана».   Міне, Азат-Тәуелсіз ел болуды армандап осы жолда өзінің қаны мен жанын аямай құрбан етіп, қазақтың ұлан-ғайыр жері мен оның асты-үсті қазына байлығын келер ұрпаққа жеткізіп кеткен ата-әже, бабаларымыздың ерлік батыл-батырлығы. Осы құндылықтарымызды бүгінгі ұрпақ біздер және ертеңгі ел иесі жас буын еш ұмытпай көздің қарашығындай сақтауға міндеттіміз! Ол ұрпақ-парызы! Ел алдындағы осы парызымызды  адал ақтай алсақ қана Қазақ елі мәңгілік жасап Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болары анық. Тәуелсіз өз еліңде, өз жеріңде, өз Отаныңда өз үйіңде әр таңын атырған ұрпақ ең бақытты.Дүниеде  Тәуелсіз ел болсақ өз Отанымыз өз Туымыз болса деп армандап жүрген қаншама ел, ұлт бар. Сондықтан Тәуелсіздігіміздің қадір қасиетін білейік ағайын! Келе жатқан төл мерекеміз, Тәуелсіздік тойымыз құтты болсын!  Әрбір шаңыраққа шаттық, ырыс, құт-береке сыйласын! Аллаға шүкір, Тәуелсіз Қазақстанның халқы биыл ұлы мерекеміз алдында 20 миллионға жеттік!  Ел  ПрезидентіҚасым-Жомарт Тоқаев: «Биыл қаңтар-қараша айлары қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 4,9 % — ға өскенін айтты. Қазақстанда бизнес саласы қарқынды дамып келеді. Шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 36 пайыздан асты. Бұл шын мәнінде жоғары көрсеткіш. Былтыр өңдеу өнеркәсібінің экспорты 26 млрд доллардан асты. Өткен жылы осы салаға 1,5 триллион теңге инвестиция тартылды. Мен 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін екі есе, яғни 450 млрд. долларға дейін ұлғайту жөнінде маңызды міндет жүктедім. Бұл міндет-бос қиял емес, Үкіметтің мұқият есептеген іс-қимыл жоспары. Оны орындау үшін жаңа инвестициялық циклді іске қосу қажет»,- деді Мемлекет басшысы.

  Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров: «2023 жылғы қаңтар-қазанда сыртқы сауда тауар айналымы 2,6 %-ға өсіп, 114 миллиард доллардан асты. Экспорт 6,5 миллиард долларға, оның  ішінде өңделген тауарлар экспорты 21 миллиард долларға жуықтаған. Тауарлар импорты 49 миллиардтан астам долларды құрады. Жалпы, оң сауда балансы 15 миллиард доллардан асты»,- деп мәлімдеді.

 Кезінде, біреулер миллионер екен десе елең ете қалушы едік.  Құдайға шүкір Тәуелсіз ел болып өз билігіміз өз қолымызға келіп ел экономикасы жылдан-жылға көтеріліп енді «миллиард»,  «триллион» деген сандарды есту егемендіктің құдіреті деп білетін болдық.  Ендеше қазақ халқының саны «Миллиардқа» жетіп Тәуелсіз Қазақстан мәңгілік жасай берсін ағайын! Мерекелеріңіз құтты да берекелі болып Жаңа жылға жақсылық жаңа табыстармен жетуді Алла нәсіп етсін!

 

Құрметбек Сансызбайұлы,

Қоғам қайраткері,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

Жетісу облысы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз