Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, еліміздің алдағы даму бағыттары мен басым міндеттерін айқындап берді. Аталған Жолдаудың мазмұны ел өміріндегі маңызды өзгерістермен, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерімен және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған нақты бастамалармен ерекшеленді. Президент өз сөзінде мемлекет дамуының қазіргі кезеңіне жан-жақты тоқталып, экономиканы нығайту, халықтың табысын арттыру, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету және азаматтардың өмір сүру деңгейін жақсарту мәселелеріне айрықша назар аударды.
Жолдауда көтерілген маңызды бастамалардың бірі – ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін арттыру жөніндегі тапсырма. Бұл шешім, ең алдымен, халықтың табысын көбейтуге, еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған. Мемлекет басшысы бұл тапсырманың келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылуы қажеттігін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Мен Үкіметке ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырамын. Осы міндет келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асырылуға тиіс. Бұл 1,8 миллион адамның, соның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға ықпал етеді», – деп атап көрсетті. Аталған бастаманың әлеуметтік маңызы зор. Себебі ең төменгі жалақы мөлшерінің өсуі еңбек нарығындағы жалақы деңгейіне оң ықпал етіп қана қоймай, табысы төмен азаматтардың материалдық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Әсіресе күнделікті тұтыну тауарлары мен қызметтер бағасының өсуі жағдайында халықтың нақты табысын сақтау және сатып алу қабілетін арттыру – өзекті мәселелердің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, ең төменгі жалақыны көтеру әлеуметтік қолдаудың маңызды тетігі әрі халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жүйелі шаралардың бірі болып саналады. Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының ең төменгі жалақыны арттыру жөніндегі тапсырмасы – әлеуметтік саясатты жетілдіруге бағытталған маңызды шешім. Оның тиімділігі тек белгіленген көрсеткіштің өсуімен ғана емес, нақты нәтижесінің халықтың күнделікті өмірінен көрініс табуымен өлшенеді. Сондықтан Үкімет пен жауапты мемлекеттік органдар қабылданған шаралардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етіп, әлеуметтік қолдау мен экономикалық тұрақтылық арасындағы тепе-теңдікті сақтауға басымдық беруі тиіс.
Камшат Нұрлан





























