AI-Sana: Жетісу университетінде AI-DOS дауыстық көмекшісі әзірленді

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің инженер-бағдарламашысы Бекзат Тоқтаған университет туралы ақпаратты жедел ұсынуға арналған AI-DOS дауыстық көмекшісін әзірледі. Цифрлық көмекші ауызша сұрақтарды қабылдап, университет туралы ақпаратты қазақ, орыс және ағылшын тілінде ұсынады.

Көмекші құралдың білім базасы университетте қолданыстағы құжаттар негізінде қалыптастырылған. Бұл жүйенің тез әрі нақты ақпарат ұсынуына мүмкіндік береді. Егер пайдаланушының сұрағы білім базасында қамтылмаған болса, AI-DOS интернеттен қажетті мәліметті іздеу функциясына жүгінеді.

«Жоба идеясы тәжірибелік қажеттіліктен туындады. Ауқымды іс-шаралар кезінде қатысушыларға университет туралы ақпарат беріп, кампус аумағында бағыт-бағдар көрсету үшін көптеген қызметкерді жұмылдыруға тура келеді. Ал AI-DOS дауыстық жасанды интеллект ассистентіне ауызша сұрақ жолдау жеткілікті. Жүйе сұраққа сіз таңдаған тілде жауап береді. Осылайша университетке келген қонақтар, білім алушылар мен талапкерлер қажетті ақпаратты жылдам алады. Бұл құрылғы, әсіресе, шетелдік қонақтар мен білім алушылар үшін тиімді», – дейді жоба авторы Б.Тоқтаған.

AI-DOS университеттің білім беру және ғылыми қызмет бағыттары, студенттерге арналған мүмкіндіктер, спорттық секциялар, университеттік іс-шаралар мен цифрлық сервистер, соның ішінде Smart Zhetysu жүйесі туралы ақпарат ұсынады. Сонымен қатар қабылдау комиссиясына жиі қойылатын сұрақтарға, атап айтқанда, білім беру бағдарламалары бойынша оқу ақысы, оқуға қажетті құжаттар, факультеттер мен мамандықтар жөнінде жауап береді.

Жобаның техникалық негізін OpenAI API технологиялары құрайды. Жүйеде сөйлеуді тану, жауапты қалыптастыру және мәтінді дыбыстау үшін арнайы жасанды интеллект модельдері пайдаланылған. Оларды таңдау кезінде жұмыстың жылдамдығы мен экономикалық тиімділігі ескерілген. Атап айтқанда, типтік сұрақтарға жауап беру үшін ресурсты көп қажет ететін модельдер емес, жылдам әрі шығыны төмен mini санатындағы модельдер таңдалған. Жауаптың ұзақтығы да жүйе деңгейінде шектелген. Бұл токен шығынын азайтып, пайдаланушының сұрағына жауап беруді жеделдетуге мүмкіндік береді. Серверлік бөлігі Python және Flask негізінде, визуалды бөлігі Unity платформасында әзірленген. Жасанды интеллект қызметтеріне қатысты токендер пайдаланушы жүйеге нақты сұраныс жасаған кезде ғана жұмсалады.

Жоба тәжірибелік сынақтан да өтті. AI-DOS университет ұйымдастырған іс-шараларда қатысушылардың сұрақтарына жауап беру үшін қолданылып, қабылдау науқаны кезінде талапкерлермен жұмыс барысында апробациядан өтті.

AI-DOS дауыстық көмекшісі университеттің цифрлық экожүйесін дамытуға, ақпаратты қолжетімді етуге және жасанды интеллект технологияларын білім беру үдерісінде практикалық тұрғыдан қолдануға бағытталған.

Дереккөз: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми сайты

AI-Sana: Жетісу университетінде AI-DOS дауыстық көмекшісі әзірленді

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз