Жетісу облысында ерекше қажеттілігі бар балалар инновациялық технологияны меңгеру бағытында оқытыла бастады. «Future-IT» робототехника мектебінде ұйымдастырылған қысқа мезімдік курстарда жас тыңдаушыларға робототехника, 3D-моделдеу, лазерлік технология үйретілуде, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Аталмыш курсты мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қолдауымен «QRobotics foundation» қоғамдық қоры тегін өткізіп отыр.
«Future-IT» робототехника мектебінің директоры Дамир Нұркежановтың айтуынша, мұнда есту, сөйлеу қабілеттері, тірек-қимыл аппараты бұзылған 5 жастан 18 жасқа дейінгі кем дегенде 25 бала оқытылмақ, оқыту ұзақтығы – 36 сағат. Балалар жас ерекшеліктері мен робототехника саласындағы дағдыларына қарай топтарға бөлінген. 5-8 жас аралығындағы кіші жас тобына әрқайсысы 1,5 академиялық сағаттан 24 сабақ өткізіледі. Ал 9-18 жас аралығындағы жоғары жас тобына әрқайсысы 3 академиялық сағаттан тұратын 12 сабақ қарастырылған. Курстардың ұзақтығы 90 күн шамасында. Әр қатысушы 3D-принтерде кемінде үш бұйым ал лазермен кесу әдісімен бір бұйым дайындайды. Жеке сүйемелдеу, тапсырмаларды кезең-кезеңімен түсіндіру, сондай-ақ қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру да қарастырылған.
— Өзім І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің физика-математика факультетін бітірдім. Осыдан жеті жыл бұрын осы мектептің негізін қаладым. Менің басты мақсаттарымның бірі – инклюзивті оқытуға жағдай жасау болды. Өзімнің жеке өмірлік тәжірибем ерекше қажеттілігі бар балаларға қолжетімді курстарды ұйымдастыру талпынысыма үлкен себеп болды. Жобаның негізгі мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар балалардың заманауи цифрлық және инженерлік технологияларға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, олардың әлеуметтенуіне және ерте кәсіби бағдар алуына жағдай жасау. Оқыту үш бағыт бойынша — робототехника және бағдарламалау, 3D-модельдеу және жоғары жылдамдықты технологиялар, лазерлік технологиялар бойынша жүргізіледі. Білім беру процесі әр баланың жас ерекшелігіне, жеке білім алу қажеттіліктеріне және материалды меңгеру қарқынына қарай бейімделеді, — деді Дамир Нұркежанов.
Сабақтарды робототехника, бағдарламалау және цифрлық өндіріс салаларында кемінде үш жылдық тәжірибесі бар төрт бейінді маман жүргізеді. «Бізге курсқа келген балалардың арасынан біреуі болса да робототехникаға шын қызығып, өз бағдарламаларын жаза бастаса, өмірде жетістікке жетсе – бұл үлкен жетістік» – дейді мамандар.
Талдықорғандық Гүлнар Асанова мұнда немересі Әлинұрді алып келді.
— Әлинұр 10 жаста. Робототехникамен бұрыннан жақсы таныс. Бұл курстар баланың ұсақ моторикасы мен ойлау қабілетін дамытуға өте пайдалы. Әлинұрға балалармен бірге білім алған ұнайды, — дейді Г. Асанова.
Атап өтсек, курс аяқталғаннан кейін қалалық инклюзивті робототехника турнирі өткізіледі. Турнирде «Роботтар сайысы» және «Кегльдерді шығарудың уақыт бойынша есептеу» бағыттарында жарыстар ұйымдастырылады. Қатысушылардың бәріне сертификат, диплом мен медаль табысталады.
Әрине, мұндай жобалар ерекше қажеттіліктері бар балаларға мемлекеттің оларға деген қамқорлығын сезінуге мүмкіндік беріп, тең мүмкіндіктер қоғамын қалыптастыру жолында тағы бір маңызды қадам жасауға жол ашады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұсынды





























