Қазақстан үшін Конституция – мемлекеттіліктің берік құқықтық негізін айқындайтын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара жауапкершілікті белгілейтін басты құжат.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның қоғам өміріндегі айрықша маңызына үнемі назар аударып келеді. Ата Заң – мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуының ғана емес, әр азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың басты кепілі. Конституцияда бекітілген заң үстемдігі, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, халық билігі, демократиялық қағидаттар және мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігі ел дамуының негізгі бағдарларын айқындайды. Жаңа қабылданған конституциялық реформа Қазақстанның саяси-құқықтық жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам болды. Әсіресе, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейту, азаматтардың саяси үдерістерге қатысу мүмкіндігін кеңейту, адам құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру және мемлекеттік институттардың халық алдындағы жауапкершілігін арттыру бағытындағы өзгерістердің мәні зор. Конституциялық реформалардың негізгі мақсаты – мемлекетті басқарудың тиімділігін арттырумен қатар, азамат пен мемлекет арасындағы өзара сенім мен жауапкершілікті нығайту. Бұл ретте заң үстемдігін орнықтыру, әділеттілік қағидатын қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының біріне айналды. Ата Заңда адамның, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының ең жоғары құндылық екені нақты бекітілген. Бұл қағида мемлекеттің барлық институттарының қызметіне негіз болуы тиіс. Өйткені Конституцияның басты мәні тек мемлекеттік құрылымның негіздерін айқындаумен шектелмейді. Оның түпкі мақсаты – әрбір азаматтың өзін заңмен қорғалған, еркін әрі жауапты қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне жағдай жасау. Қазіргі кезеңде Қазақстанның алдында жаңа міндеттер тұр. Қоғамның өзгеруі, цифрландырудың қарқынды дамуы, экономикалық және әлеуметтік үдерістердің жаңаруы мемлекеттік басқару жүйесіне де жаңа талаптар қойып отыр. Осындай жағдайда Конституцияда бекітілген негізгі қағидаттардың өмір шындығымен сабақтасып, нақты қоғамдық қатынастарда жүзеге асуы ерекше маңызды. Конституция нормаларын сақтау – тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, әрбір азаматтың да ортақ жауапкершілігі. Заңға құрметпен қарау, өз құқығын білу және өзгенің құқығын құрметтеу, қоғамдық тәртіпті сақтау, елдің болашағына жауапкершілікпен қарау – құқықтық мәдениеті жоғары қоғамның басты белгілері. Бүгінде Қазақстанның конституциялық дамуы үздіксіз жетілдіру үдерісімен сипатталады. Мемлекет пен қоғамның өзгеруіне қарай құқықтық институттардың да заман талабына бейімделуі заңды құбылыс. Алайда қандай өзгеріс болмасын, оның негізінде Конституцияда бекітілген мемлекеттің тәуелсіздігі, аумақтық тұтастығы, халық билігі, заң үстемдігі, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау сияқты іргелі құндылықтар сақталуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, Ата Заң – Қазақстанның бүгінгі жетістіктерінің ғана емес, болашақ даму бағытының да құқықтық іргетасы. Конституцияға құрмет – мемлекетке, елдің тәуелсіздігіне және азаматтардың ортақ болашағына деген құрмет. Еліміз жаңа кезеңге қадам басқан сайын конституциялық құндылықтардың қоғамдық санада орнығуының маңызы арта түседі. Заң үстемдігі берік орныққан, азаматтардың құқықтары қорғалған, мемлекеттік институттар халыққа есеп беретін және қоғамның үні ескерілетін мемлекет қана тұрақты әрі орнықты дами алады. Сондықтан қазіргі міндет – Конституцияда бекітілген қағидаттарды тек заң мәтінінде қалдырмай, күнделікті өмірде нақты іске асыру. Бұл – мемлекеттік органдардың да, азаматтық қоғамның да, әрбір азаматтың да ортақ жауапкершілігі. Ата Заңның талаптарын берік ұстану арқылы біз құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтып, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтап, әділетті әрі қуатты Қазақстанды қалыптастыру жолын жалғастыра аламыз.
Әйгерім Маратқызы





























