Талдықорғанымыздың көркейіп, бұлай өсіп-өркендегені жанға қуаныш ұялатады. Сонау 90 жылдары қала тұрғындарының саны 95 мың адам болса, қазір 180 мыңға жуықтапты. Иә, жыл санап облыс орталығы гүлденіп келеді. Шыны керек, осыдан 20 жыл бұрын Талдықорған қаласы Алматы облысының әкімшілік орталығы болып құрылғанда, жергілікті халық қатты қуанды. Соның ішінде мен де бармын.

Өзім 30 жыл бойы құрылыс фирмасында басшылық етіп келемін. Бастапқыда көгалдандыру, абаттандыру ісімен айналыстық. Әсіресе, Қаратал өзенінің бойын абаттандырып, ол жерді демалыс саябағына айналдырғанда көпшілік батасын берген еді. Бірнеше аулаға балалар ойнайтын алаңқай жасадық. Салған екі бала-бақшамыз болашақ ел қорғандарын тәрбиелеп, халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуде. Қазіргі таңда фирмамыз 8-9 шағын аудандарда зәулім тұрғын үй салумен айналысып жатыр. Жалпы, қандай жұмыс атқарсақ та, барлығы әсем қаламыз бен оның жайдарлы тұрғындары үшін.

Бүгінде Жетісудың төрінен орын алаған Талдықорғанның жаңа келбеті, көрікті ғимараттары көз қуантады. Атап айтқанда Салтанат сарайы, Драма театры, көп қабатты қонақ үйіміз, әрі халықаралық стандартқа сай салынған суда жүзу бассейіні қаламыздың ажарын ашып, ерекше сұлулыққа бөлеп тұр. Бұл көрсеткіш соңғы 20 жылда атқарылған әр азаматтың қалаға сіңірген еңбегі деп білемін.

Міне, биыл Талдықорған қаласы Алматы облысының орталығы болғанына тура 20 жыл. Осы бір мерейлі датамен қала тұрғындарын шын жүректен құттықтаймын! Әсем шаһарамыз келешекте еліміздің ғана емес, әлемдегі ең ғажайып қалалардың бірі атануына тілектеспін. Жасай бер, жайнай бер Талдықорған!

Руслан ВАЛИШАНОВ,

«Шымыр» ЖШС-нің директоры,

Талдықорған қалалық мәслихатының депутаты.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK