Жетісу облыстық мәслихатының тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы мен кезекті XLIІ сессиясы өтті

1

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – «Жетісу облысының Құрметті азаматы» атағын беру туралы. Бұл жөнінде Жетісу облысы әкімінің аппараты сыртқы байланыстар және протоколдық іс-шаралар бөлімінің басшысы С. Жарманов ақпарат беріп, ұсынылған кандидатураларды таныстырды.

Екінші мәселе – Жетісу облысы Полиция департаментінің 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарған жұмыстары туралы есебі. Полиция департаменті бастығының орынбасары Қ. Оспановтың айтуынша, 2026 жылы департаментке 16 млрд 65 млн теңге бөлінген. Жылдың алғашқы алты айында бюджеттің орындалуы 6 млрд 909,5 млн теңгені немесе 47,9 пайызды құраған.

Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында есепті кезеңде облыста 46 жедел-профилактикалық іс-шара өткізіліп, 5 мыңға жуық адам қамтылған. Нәтижесінде құқық бұзушылықтар саны 4,3 пайызға, қылмыстар саны 2 пайызға төмендеген. Ұрлық, мал ұрлығы, тонау және алаяқтық фактілері азайған.

Сонымен қатар ауыр және аса ауыр қылмыстар саны 15,3 пайызға өскен. Адам өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, зорлау, ауыр санаттағы ұялы телефондар мен автокөліктерді ұрлау, тонау, қарақшылық, бопсалау, автокөлікті айдап кету және бұзақылық қылмыстарының ашылу деңгейі 100 пайызды құраған.

Қылмыстарды ашу деңгейі 79,2 пайыз болып, өткен жылмен салыстырғанда 2,1 пайыздық тармаққа артқан. Қоғамдық қауіпсіздік бағытында 35 мыңға жуық құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, жол қозғалысы ережелерін бұзудың 64 мыңнан астам фактісі анықталған. Әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша салынған 2 млрд теңгеге жуық айыппұлдың 1,6 млрд теңгесі, яғни 79,9 пайызы өндірілген.

Баяндама барысында полиция қызметін цифрландыруға және жасанды интеллектіні дамытуға да ерекше назар аударылатыны айтылды. 2026 жылы бұл бағыттарға 1 млрд 118,9 млн теңге бөлініп, оның 900 млн теңгесі игерілген. Жедел басқару орталығын құруға қажетті техникалық жабдықтар мен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін желіаралық экран сатып алынған.

Сонымен қатар мобильді жарылыс-техникалық кешенін сатып алуға 1,3 млрд теңге бөлініп, оны жеткізу 2026 жылдың қазан айына жоспарланған.

Материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында Лепсі ауылындағы учаскелік полиция бөлімі ғимаратының ағымдағы жөндеуі аяқталып, нысан маусым айында пайдалануға берілген. Ескелді, Қаратал, Кербұлақ және Көксу аудандарындағы 10 учаскелік полиция пунктін жөндеуге 81,3 млн теңге бөлініп, қазіргі уақытта жұмыстар жүргізілуде.

Бүгінде облыстағы 97 учаскелік полиция пунктін Полиция департаментінің балансына беру жұмыстары аяқталған. Сонымен қатар патрульдік полицияның штат саны 33 бірлікке ұлғайтылған.

Үшінші мәселе – Мемлекет басшысының Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің екінші форумында берген тапсырмаларының орындалу барысы.

Президент Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің екінші форумында мал шаруашылығының әлеуетін тиімді пайдалану, ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайту, кадрлық әлеуетті арттыру, жайылымдарды тиімді пайдалану және саланы мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру жөнінде тапсырмалар берген болатын.

Осы бағытта Жетісу облысында 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын тұрақты дамыту жөніндегі кешенді жоспар іске асырылуда. Облыста мал басын 3,2 млн басқа, ет өндірісін 94 мың тоннаға, сүт өндірісін 85 мың тоннаға дейін жеткізу көзделген. 2026 жылдың 7 айында мал басы 4%-ға өсіп, 2,89 млн басқа жетті.

Саланы қолдауға биыл 7 млрд теңге субсидия бөлініп, 17 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Сонымен қатар, «Береке», «Игілік» және «Жайлау» жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары іске қосылды.

Ветеринария саласында 2023–2026 жылдары материалдық-техникалық базаны нығайтуға облыстық бюджеттен 2,9 млрд теңге бөлінді. 83 арнайы автокөлік, 217 компьютер және 238 планшет сатып алынды. 2022–2026 жылдары 83 ветеринариялық пункт пен 5 ветеринариялық станция салынды және салынуда.

Ветеринариялық қызмет мамандармен толық қамтамасыз етіліп, олардың біліктілігін арттыру және еңбек жағдайларын жақсарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылы аса қауіпті аурулардың алдын алу бойынша жоспарланған іс-шаралардың 86%-ы орындалды, эпизоотиялық жағдай тұрақты.

Төртінші мәселе – Жетісу облысында «Жайылымдар туралы» Заңның орындалуы туралы.

Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Е. Әпековтың айтуынша, елді мекендердегі халықтың мал жаю қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында бүгінгі таңда 774,5 мың гектар қоғамдық жайылым бекітілген. 2026 жылға белгіленген жоспар 97,1 мың гектар болса, қазіргі уақытта 204 мың гектар жер бекітіліп, жоспар 210,1 пайызға орындалған. Халықтың жайылымға деген қажеттілігі 43,8 мың гектарды құрайды.

Жерді тиімді пайдалану бағытында 2022–2025 жылдары 1 млн 318 мың гектар пайдаланылмай жатқан жер анықталып, оның 606,6 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылған және толықтай ауыл шаруашылығы айналымына тартылған. Оның ішінде 272 мың гектары халықтың мал жаюына арналған жайылым ретінде берілген.

Биыл 40 мың гектар жерді қайтару жоспарланса, бүгінгі күнге 68,4 мың гектар жер қайтарылып, жоспар 171 пайызға орындалған.

Сонымен қатар жер берудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында электрондық конкурс тетігі енгізілуде. Пилоттық жоба аясында Сарқан ауданында жалпы көлемі 7,5 мың гектар болатын 4 жер учаскесі электрондық конкурсқа дайындалған.

Келесі мәселе – Жетісу облыстық мәслихатының 2023 жылғы 16 мамырдағы «Жетісу облысы елді мекендерінің жасыл екпелерін жасау, күтіп-баптау және қорғаудың қағидаларын бекіту туралы» №3-24 шешіміне өзгерістер енгізу туралы.

Шешім жобасы өңірдегі жасыл екпелерді құру, күтіп-баптау және қорғау қағидаларын қолданыстағы «Өсімдіктер дүниесі туралы» Заң талаптарына және Экология министрлігінің Үлгілік қағидаларына сәйкестендіру мақсатында әзірленген.

Сонымен қатар, Жетісу облыстық мәслихатының 2025 жылғы 12 желтоқсандағы №33-202 «2026–2028 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралды.

Тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында жан-жақты талқыланған мәселелер кезекті XLII сессияның қарауына енгізілді. Сессия барысында көтерілген мәселелер депутаттар тарапынан қолдау тауып, тиісті шешімдер қабылданды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз