Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласындағы магистралды жылу желілерін жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Ұлттық жоба аясында қолға алынған ірі жобалардың іске асырылу барысымен, сондай-ақ қаладағы абаттандыру жұмыстарымен бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев танысты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысы алдымен Біржан сал көшесі бойындағы Д400/350/250 мм жылу желісін реконструкциялау ісінің аяқалысын көрді. Мердігер ұйым өкілінің айтуынша, мұнда ұзындығы 1 шақырымның 970 метрінде желілерді жаңғырту жұмыстары аяқталған, қалған 30 метрі екі күнде бітеді деп жоспарланып отыр. Қазір құрылысқа 48 адам, 18 техника жұмылдырылған. Облыс әкімі мұнан кейінгі асфальт және абаттандыру жұмыстары да қысқа мерзімде атқарылып, жоба қазан айының басында толық іске асырылуы тиіс екенін мердігер ұйым басшылығына қатаң тапсырды.
Мұнан соң Бейбіт Исабаев қаланың негізгі жылу артериясы саналатын Жансүгіров көшесінің бойындағы магистралды жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Атап өтсек, қаланың 80 пайызына жылу беру осы желілер арқылы қамтамасыз етіледі. Ұзындығы 3,5 шақырым, жылу құбырларының диаметрі 700 миллиметр. Құрылыс жұмыстары биыл мамыр айында басталған. Жобаға сәйкес Жансүгіров көшесінің Гагарин — Қаратал көшелері аралығындағы учаскесінде жылу жүйелері толық жаңғыртылды. Қазір асфальт жамылғысын төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Осы жобаның нәтижесінде қала тұрғындарын қысқы мерзімде жылумен сенімді қамтуға толық жағдай жасалмақ.
Облыс басшысы құрылыс жұмыстарының мерзімінде, яғни жылу беру маусымына дейін толық аяқталуға тиіс екенін қадап айтты.
Бұдан әрі Бейбіт Исабаев Біржан сал көшесіндегі аулалары абаттандырылған көп қабатты үйлердің тұрғындарымен тілдесті. Тұрғындар қаладағы оң өзгерістерге қатысты пікір білдірді.
— Биыл көшеміздің жолы жаңарып, қуанып жатырмыз. Ескі үйлердің сыртқы қасбеті жақсартылып, қазір жаңа үйлерден кем емес кейіпте. Аулаларымыз абаттандырылды. Ендігі бір ғана тілегіміз – жастар ескі ғимараттардағыдай сурет салып, жазу жазып, үйлердің, аулалардың, жалпы маңайдың келбетін бүлдірмесе екен дейміз, — деді тұрғын Виктория Мурадова.
Облыс әкімі Президенттің бастамасымен іске асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасының негізгі мақсаты ең алдымен адамның санасын жаңғырту, қоғамда экологиялық мәдениет қалыптастыру екенін айтты. Бұл ретте ұрпақ тәрбиесіне қатысты жұмыс әкімдіктің, мектептің ғана емес, ең алдымен әр отбасының, әр тұрғынның атсалысатын ісі болуы керектігін атап өтті.
— Біз соңғы үш жылда Талдықорған қаласының бюджетін едәуір өсірдік. Соның нәтижесінде ауқымды құрылыс, абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мәселен, Біржан сал көшесіндегі өздеріңіз тұратын үйлердің қасбеті жаңартылды, шатыры жөнделді, ауласы абаттандырылды, көшелеріңізге жаңа асфальт төселді. Бұл ретте өмір сүруге жасалып отырған қолайлы жағдайларды, яғни аялдамадарды, аулаларды, ортақ мүлікті күтіп ұстауға, жалпы оршаған ортаға жауапкершілікпен, қамқорлықпен қарауға балалар мен жастарды тәрбиелеуіміз керек. Бұл тұрғын үй иелерінің бірлестігі, ата-аналар комитеттері, аула тұрғындары, жалпы ересек азаматтар – бәрімізге ортақ міндет болуы тиіс, — деді Б. Исабаев.
Жалпы, биыл қала бойынша 24 көпқабатты тұрғын үйдің қасбетін жөндеу жоспарланса, соның 5-еуінде жұмыстар аяқталған, қалған үйлерде металл каркасты тіреуіш және фиброцементті панельдер орнату жұмыстары жүргізілуде, жұмыстар қыркүйек айының соңына дейін толық аяқталады деп жоспарланған. Ал межеленген 33 тұрғын үйдің шатырын жөндеу жұмыстары 22 үйде бітті. Қалған үйлердегі жұмыстар 15 қазанға дейін аяқталады деп көзделген.
Сонымен қатар бұл күні өңір басшысы дарынды балаларға арналған жаңа «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернаты маңында жүріп жатқан абаттандыру жұмыстарымен де танысты. Еске салсақ, аталған жаңа білім ошағының 300 орынға арналған жаңа оқу корпусы салынған болатын. Мектепті алдағы екінші тоқсанда іске қосу жоспарланып отыр.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев





























