Өңірдің білім әлеуеті артуда

4
Screenshot

Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында: «Еліміз білім экономикасына көшіп жатыр. Сондықтан ғылым, білім және инновация саласын басқару тәсілдерін өзара байланыстыру өте маңызды», – деді. Бұл бағыт бүгінгі таңда білім беру жүйесінің алдына жаңа міндеттер қойып, оқыту сапасын арттырумен қатар заманауи технологияларды меңгерген, еңбек нарығына бейімделген мамандар даярлауды талап етеді.

Өңірде білім саласын дамытуда жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Облыстағы техникалық және кәсіптік білім беретін 27 ұйым жұмыс істейді. Оның 21-і мемлекеттік, 6-ауы жекеменшік. 2026-2027 оқу жылында еңбек нарығында сұранысқа ие «Гидротехникалық мелиорация» мамандығына 100 білім алушы қабылданды. Бұл мамандықты ашуға және оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңартуға жергілікті бюджеттен 35 млн. теңге бөлінді. Студенттер өндірістік тәжірибеден «Қазсушар» кәсіпорнында өтіп, мақсатты даярлау аясында кейіннен жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады. 2026 жылы 75 білім алушы оқуын аяқтап, 100 пайыз жұмысқа орналасты.

Білім беру саласын цифрландыруға және жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізуге де басымдық берілуде. Облыстың 314 білім беру ұйымында осы бағытта кезең-кезеңімен жұмыстар атқарылуда. Бүгінде шамамен 14 мың педагог, яғни мұғалімдердің 85,5 пайызы цифрлық құралдарды тиімді пайдалану бойынша арнайы курстардан өтті. Сонымен қатар «Өрлеу» орталығы 8 мыңнан астам мұғалімді генеративтік модельдер мен промпт-инжиниринг бойынша оқытты. «Digital Teacher – Smart AI» жобасы аясында тағы 300-ге жуық педагог тәжірибелік семинарларға қатысты. Сонымен қатар Daryn Ustaz орталығы және «USTAZGA AI» жобасы аясында 14 мың мұғалім оқу курстарына қатысып, цифрлық құралдарды тиімді пайдалану бойынша практикалық дайындықтан өтті. Оқушылардың цифрлық ресурстарға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 16 мектеп eData.kz оқу жасанды интеллект платформасына қосылды.

Біліммен қатар өскелең ұрпаққа экологиялық мәдениет қалыптастыруға да ерекше мән берілуде. Облыс мектептерінде 339 «Жасыл клуб» жұмыс істеп, 5 мыңнан астам оқушы қамтылған. «Жасыл бұрыш», «Жасыл алаң», жылыжай және бау-бақша жобалары арқылы балалар табиғатты қорғаудың маңызын тәжірибе жүзінде меңгеруде.

Ал жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру мақсатында «Адал еңбек – Адал табыс» бастамасы жүзеге асырылуда. Өңірлік ақпарат құралдарында еңбек адамы туралы жүздеген материал жарияланып, «Мансап компасы» платформасы арқылы 149 мектептегі 8 573 түлекке кәсіби бағдар беру жұмыстары жүргізілді.

Мұның барлығы – білімді цифрлық технологиямен ұштастырып, жастарды заманауи мамандықтарға бейімдеуге және өңірдің адами капиталын дамытуға бағытталған нақты қадамдар.

Әли СОЛТАНБЕКОВ,

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз