«Берекелі шаңырақ – ұрпаққа аманат» атты тағылымды кездесу өтті

3

11 қыркүйек 2026 жылы Талдықорған жоғары политехникалық колледжінде «Берекелі шаңырақ – ұрпаққа аманат» тақырыбында көп жылдық отбасылық өмір тәжірибесі бар жанұялармен тағылымды кездесу өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу, ана мәртебесін көтеру, жастар арасында өнегелі отбасы үлгісін насихаттау, сондай-ақ қоғамның дамуына өз үлесін қосып жүрген әйелдер мен аналарды құрметтеу.
Аталмыш шара Талдықорған қаласының ішкі саясат бөлімі және «Жетісу жастар ұйымының конгресі» жастар қоғамдық бірлестігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Кездесу барысында отбасылық өмірде 30, 40 және 50 жылдан астам уақыт бірге ғұмыр кешіп, өнегелі отбасы үлгісін көрсетіп келе жатқан бес жанұяға құрмет көрсетіліп, марапаттар табысталды.
Атап айтқанда, Оразбековтер отбасы – 33 жыл, Сейденовтер отбасы – 35 жыл, Жұмайбековтер отбасы – 35 жыл, Сағадиевтер отбасы – 40 жыл және Ожановтар отбасы 54 жыл отбасылық өмір сүріп келеді.
Іс-шара барысында Талдықорған қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Ілияс Бижанұлы Сағымбеков, Талдықорған қаласы аналар кеңесінің төрайымы Гульмира Сюбаевна Изатова және Алакөл ауданының құрметті азаматы, Алакөл аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ұлжалғас Бурасанқызы Дүйсебаева құттықтау сөз сөйлеп, отбасы құндылықтары, ана өнегесі мен ұрпақ тәрбиесінің маңызына тоқталды.
Шараның көркемдік бөлігі ән шашумен жалғасты. Қонақтарға Абылай Қожақовтың «Үш Меркі», Жанат Санатұлының «Анашым», Жәния Спанованың «Ақ жайнақ», Альмира Бақытжанның «Қазағым сөнбесін» әндері орындалды.
Тағылымды кездесу барысында отбасы – қоғамның негізгі құндылығы, ал берекелі шаңырақ – ұрпақ тәрбиесінің алтын бесігі екені атап өтілді.
Өнегелі отбасылардың өмір жолы мен аналардың еңбегі жастарға үлгі болып, ұлттық және отбасылық құндылықтарды дәріптеуге зор үлес қосады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз