«Табысты отбасы» жобасы: Кәсіп ашуға зор қолдау

1468

Жетісу, Ұлытау, Абай, Ақтөбе және Түркістан – аталған бес пилоттық облыстағы «Табысты отбасы» әлеуметтік жобасының қатысушылары сұранысқа ие кәсіптерін бастауға қажетті ноутбук, тігін машиналары, пеш, миксерлер, кушеткалар, мультимарок сканері секілді қажетті заттарға ие болды.

Жоба түлектері әлеуметтік желідегі маркетинг, тігіншілік, электр механигі, сұлулық салоны маманы, аспаздық бойынша бір айлық кешенді оқытудың бес бейіндік бағытында білім алды.

Жабдық жиынтықтарын салтанатты түрде табыстауға арналған іс-шараға «Самұрық-Қазына» АҚ, өңірлік еншілес компаниялар мен жергілікті атқарушы орган өкілдері, жоба жетекшілері және қоғам қайраткерлері қатысты.

«Бұл жоба көпбалалы аналарға, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасы мүшелеріне және аз қамтылған отбасыларға, жастарға тікелей табыс табуға нақты мүмкіндік береді. Ал әрбір қатысушыға 150 АЕК сомасына құрал-жабдықты өтеусіз беру – өз ісін ашқысы келетіндерге елеулі қолдау екені анық», — деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» КҚ Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Лаура Демесінова.

Жетісу облысы бойынша кәсіп бастауға қажетті құрал-жабдықты 24 қатысушы иеленді. Оның ішінде атап өтер болсақ,  әлеуметтік желі маркетинг бойынша — 8, аспаздық — 5, тігін ісі — 5 және сұлулық салоны маманы — 6. Қазір екінші лекте 36 қатысушы білім алуда.

«Көпбалалы анамын, Жетісу облысының тұрғынымын. Осындай бірегей жобаның бір бөлігі болғаныма қуаныштымын. Мен үшін «Табысы отбасы» — бұл үйде ақша табуды бастау мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар былайғы өмірде жетіспей жататын жанашырлықты сезініп, жаңа достармен кездестім»,- деп бөлісті жоба қатысушысы Аида Баймұхамбетова.

Еліміздің бес аймағында жүзеге асып жатқан әлеуметтік жоба көп жанның жанын жадыратты. «Табысты отбасы» табыс тауып,  кәсіптің нәсібін көруге, осылайша өз ісін бастап, болашаққа нық қадам жасауға мүмкіндік беріп отыр.

Күні кеше  «Самұрық-Қазына» қоры тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қолдауымен Жетісу өңірінде жүзеге асқан әлеуметтік  жоба түлектері қажетті құрал-жабдық түріндегі гранттарға ие болды.

«Табысты отбасы» жобасы Жетісу облысы үшін әлеуметтік жағдайды, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартудың бір жолы. Қатысушыны қысқа мерзім ішінде бейіндік бағыт бойынша оқыту, өз ісін дамытуға білім мен дағдыларды беру және олардың жабдықтарды тегін алуы  — тамаша  мүмкіндік.  Жобаның барлық түлектерін құттықтаймын, әрқайсысына сәттілік пен отбасылық табысының артуын тілеймін», — деді  Жетісу облысы  әкімінің орынбасары Рустам Әли.

Жоғарыда аталған бес аймақта барлығы 300 грант қарастырылып, «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы 200 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінді.

Алдағы уақытта  өз ісін ашуға ниет білдіргендерге  қажетті құрал-жабдықтар түріндегі грантты «Табысты отбасы» жобасы аясында Ұлытау, Абай, Ақтөбе және Түркістан облыстарының 114 түлегіне табысталады.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз