✔️Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Өкілдер палатасының Бюджет және салық жөніндегі комитетінің төрағасы Джейсон Смитпен, сондай-ақ Конгресс мүшелері Грег Мерфимен, Кэрол Миллермен, Ронни Джексонмен, Уэсли Беллмен және Эдвард Кейспен кездесті.
✔️Мемлекет басшысы меймандарға ілтипат білдіріп, олардың бір палаталы Құрылтай сайлауымен тұспа-тұс өтіп жатқан сапарының символдық мәніне назар аударды.
✔️Қазақстан Президентінің айтуынша, парламент сайлауы еліміздегі саяси жаңғырудың жаңа кезеңі басталғанын айшықтайтын тарихи уақиға болды. Бір палаталы Құрылтай заң шығару үдерісінің тиімділігі мен заңдардың сапасын арттырады.
✔️Мемлекет басшысы парламенттік дипломатия жаңа органның қызметіндегі маңызды бағыт болатынын атап өтті.
– АҚШ Конгресі мен Құрылтай мүшелері арасындағы конструктивті әрі мазмұнды диалог өзара түсіністікті тереңдетіп, ортақ басымдықтарды ілгерілету және қазақ-америка серіктестігін нығайту тұрғысынан айрықша мәнге ие, – деді Президент.
✔️Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық делегацияға елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалар, сондай-ақ әділетті, озық мемлекет құруды көздейтін стратегиялық бағдарымызды іске асыру аясында басқару жүйесін жаңғыртудың басымдықтары жөнінде мәлімет берді.

























