Талдықорғанда жастар арасында 5-ші республикалық регби ойындарының жарысы өтті. Аталмыш дода жастар арасында төрт жылда бір рет ұйымдастырылып тұрады. Сайысқа 10 ерлер мен 8 қыздар командасы қатысты. Олар Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан мен Солтүстік Қазақстаннан келген өрендер.

«Регби 7» — бұл олимпиадалық бағдарламаға енген спорт түрі. Оған қазақстандық ерлер командасы дүние жүзі бойынша 33-ші орынға жайғасқан. Бүгінде, әсіресе әйелдер құрамасы әлемдік деңгейде сәтті өнер көрсетіп жүр. Бұл елімізде регби ойындарының дамып келе жатқанының көрсеткіші дейді мамандар.

Талдықорғанда өткен жарыста ойыншылар бар күш қарымдарын көрсетті. Жарыстың басты мақсаты салауатты өмір салтын насихаттау. Ел тұрғындарын спортпен және дене шынықтырумен күнделікті айналысуға шақыру.

Жарыс нәтижесі бойынша ұлдар арасында Алматы облысының командасы топ жарды. Алматы қаласы екінші орыннан көрінсе, Шымкент қаласының құрамасы үшінші орынға жайғасты. Сондай-ақ, аталған республикалық бәсекеде үздік ойыншылар да анықталды. Ұлдар арасында Алматы облысының өкілі Илья Белашов марапатталды.

«Бұл жарыс біз үшін өте маңызды болды. Жүлделі орын алғанымызға қуаныштымыз. Бұл республикалық және Азия ойындарына қатысуға жақсы мүмкіндік. Сонымен қатар мен «Үздік ойыншы» аталымын жеңіп алдым. Қуаныштымын. Бұл ұзақ еңбектің жемісі деп білемін. Алдағы уақытта да мақсатыма жетуге тырысамын», — дейді ол.

Ал қыздар арасындағы бәсекеде Алматы құрамасы жеңімпаз атанды. Жетісу командасы екінші болса, Қостанай облысының өкілдері үздік үштікті қорытындылады. Үздік ойыншы ретінде Алматы құрамасының намысын қорғайтын Екатерина Ардаширова үздік деп танылды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK