Жетісуда жаңа өрт сөндіру бекеті үш ауылдың тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді

Жетісу облысы Көксу ауданының Алғабас ауылында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды. Бұл —  өңірдің ауылдық жерлерінде ашылған өртке қарсы инфрақұрылымның оныншы нысаны. Жыл соңына дейін тағы осындай 13 өрт сөндіру бекетін пайдалануға беру жоспарлануда, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жаңа бекет бірден үш елді мекеннің – Алғабас, Қызылтоған және Айнабұлақ ауылдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл ауылдарда жалпы саны шамамен 2 900 адам тұрады. Енді өрт немесе басқа да төтенше оқиға болған жағдайда тұрғындарға көмек едәуір жылдам көрсетіледі.

Жетісу облысы ТЖД бастығы, полковник Қанат Алтынбеков атап өткендей, тікелей ауылдық елді мекендерде өртке қарсы инфрақұрылымды дамыту халықтың қауіпсіздігі бағытындағы маңызды жұмыстардың бірі болып отыр.

«Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық бағдарламасы аясында облысымызда ауылдық жерлерде оныншы өрт сөндіру бекеті ашылды. Жыл соңына дейін тағы 13 осындай нысан ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл өрт немесе басқа да оқиға орнына ТЖМ бөлімшелерінің жету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Негізгі күштер мен құралдар аудан орталықтарында шоғырланған, сондықтан елді мекендердің тікелей өзінде өрт сөндіру бекеттерін ашудың маңызы зор», — деді Қанат Алтынбеков.

Салтанатты шара аясында жобаның қатысушылары мен қызметтік міндеттерін атқару кезінде ерекшеленген ауданның өртке қарсы қызмет қызметкерлері марапатталды.

Алғабас тұрғындары жаңа нысанның ашылуын қауіпсіздік жолындағы маңызды қадам деп есептейді. Бұл ретте өрттің алдын алуға және балаларды қауіпсіздік ережелеріне үйретуге ерекше көңіл бөлінеді.

«Біздің ауылда мұндай маңызды нысанның ашылғаны құптарлық. Біз балаларға ерте жастан өрт қауіпсіздігі ережелерін үйретеміз. Тақырыптық сабақтар мен сынып сағаттарында оқушыларға тұрмыстық құралдарды дұрыс пайдалануды түсіндіріп, көрсетеміз. Оларға бұл қызық, алған білімдері мен дағдыларын бір-бірімен қуана бөліседі», — деді жергілікті орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Салтанат Шағатаева.

Жаңа бекет жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен құрылды. Мамандар үшін қызметтік және тұрмыстық бөлмелер, оның ішінде диспетчерлік бөлме, жеке құрам тұратын және демалатын бөлмелер, сондай-ақ техникаға арналған бокс қарастырылған. Бекет өрт сөндіру автомобилімен, байланыс құралдарымен, арнайы жабдықтармен және төтенше жағдайларға жедел ден қоюға қажетті барлық құралдармен жабдықталған.

Осылайша, ауылдық жерлерде өрт сөндіру бекеттері желісін дамыту шұғыл көмектің халыққа әрі жақын, әрі жылдам көрсетілуіне мүмкіндік беріп отыр. Бұл әсіресе аудан орталықтарынан шалғай орналасқан ауылдар үшін маңызды саналады.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фотограф: Қанат Өмірәлинов

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз