Жетісу облысында соңғы үш жыл ішінде әлеуметтік нысандарды жаңғырту деңгейі орта есеппен 55,8%-ға жетіп, 276 нысан жаңарды. Соның ішінде биыл 35 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілсе, 7 мекеме күрделі жөндеуден өтуде. Келесі жылы ашылатын объектілер қатары да арта түспек. Бұл туралы Кербұлақ ауданының тұрғындарымен болған кездесуі кезінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өз баяндамасында өңір басшысы халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін әлеуметтік саланы қолдау шараларына кеңінен тоқталды. Мәселен, биыл білім саласында 4 мектеп қолданысқа беріліп, 2 мектепке күрделі жөндеу жүргізілсе, солардың бірі – Кербұлақ ауданы Көксай ауылында орналасқан 60 орындық мектеп. Аталған білім беру нысаны 19 қазан күні пайдалануға берілді. Ал денсаулық сақтау саласында 4 нысан іске қосылған, соның ішінде қайта жаңғыртылып, жуырда ашылған Кербұлақ аудандық ауруханасы да бар. Аурухана жаңа медициналық құралдармен толық қамтылған. Бұл ретте өңір басшысы аудан әкіміне келесі жылдың бюджетіне Қоғалы ауылдық ауруханасын ағымдағы жөндеуге бюджеттік өтінім әзірлеуді тапсырды.
Атап өтсек, Талдықорған қаласында 500 келушіге арналған жаңа емхананың құрылысы және көпсалалы облыстық балалар ауруханасын жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұдан бөлек, облыс орталығында мүгедектігі бар адамдарға арналған 150 орындық оңалту орталығы салынуда.
— Биыл облыста 3 мәдениет үйі мен 2 кітапхана пайдалануға берілді. Оның біреуі – сіздердің ауданда, Сарыөзек ауылындағы кітапхана. Президенттің бастамасымен қолға алынып отырған аса маңызды «Кітап оқитын ұлт» жобасын іске асыру аясында Сарыөзектегі жаңа кітапхана 53 мыңнан астам кітап қорымен және заман талабына сай электронды кітаптармен жабдықталды. Жалпы, адамның логикалық ойлау қабілетін, парасат-пайымын, аналитикалық талдауын дамыту үшін кітап оқудың пайдасы үлкен. Сондықтан әсіресе жастар кітап оқуы керек, — деген Б. Исабаев аудан әкіміне кітапхана ғимаратын қысқа мерзімде табиғи газға қосуды тапсырды.
Сондай-ақ, Қоғалы ауылдық мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және абаттандыруға биыл «Қазақстан халқына» қорынан қаржы бөлінген. Жұмыстарды келесі жылы көктемде аяқтау жоспарланып отыр.
Облыс әкімі сонымен қатар спорт саласындағы жаңа нысандарға да тоқталды. Атап айтқанда, Алакөл ауданының Қабанбай ауылында 80 орындық спорт кешені ашылып, Қаратал ауданының Үштөбе қаласында демеуші қаражаты есебінен дзюдо орталығы салынған. Бұдан бөлек, «Қазақстан халқына» қоры есебінен облыста дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған инклюзивті спорт орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр.
— Жалпы алғанда биыл 35 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілді, келесі жылы да бұл қарқын бәсеңдемейді, салынып, жөнделетін нысандар қатары артады. Бұл Мемлекет басшысының бастамасымен еліміз тұрақты экономикалық, әлеуметтік, рухани толысу жолына түскенін көрсетеді. Бүкіл Қазақстан бойынша өте үлкен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мұның бәрі халықтың игілігіне, жас ұрпақ игілігіне атқарылып отыр — деді Б. Исабаев.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков.





























