Жетісу облысында алғаш рет «Tomorrow School» бағдарламалау және жасанды интеллект бойынша тегін мектеп ашылды. Өңірлік кампус облыстық цифрлық технологиялар басқармасы мен «Jetisu Digital» ІТ-хабының қолдауымен «Жетісу жастары» орталығының базасында іске қосылды. Жыл соңына дейін 1,5 мың адамды оқыту жоспарлануда, бұл ретте ІТ саласында тәжірибенің және бейінді білімнің болуы талап етілмейді, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
– «Tomorrow School» 2024 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Astana Hub» базасында құрылды, бүгінде бұл жоба барлық өңірлерде ауқымын кеңейтуде. Облыс басшылығының қолдауының арқасында бұл тегін мектеп Жетісуда ашылды. Қажетті бағдарламалар орнатылып, 50 компьютер техникасы толық дайындалды. Бұл 15 жастан асқан қатысушылар үшін бағдарламалау мен жасанды интеллектіні тегін практикалық тұрғыда үйренуге үлкен мүмкіндік береді. Мектеп тәулік бойы, 24/7 режимінде, төрт лек бойынша жұмыс істейді. Сабақтар 28 қыркүйекте басталады, – деді облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Айдын Темірбаев.
«Tomorrow School» жетекшісі Айгерім Шаймерденованың түсіндіруінше, мұнда оқуға түсу үшін tomorrow-school.ai сайтына тіркеліп, кампусты таңдап, өтінімді толтырып, есте сақтау қабілеті мен логикаға арналған екі онлайн ойыннан өту қажет. Іріктеуден сәтті өткендер төрт апталық интенсивке шақырылады, одан кейін үздік қатысушылар негізгі 18 айлық бағдарламаға кіріседі. Оқу дәстүрлі дәрістер мен оқытушыларсыз, офлайн форматта өтеді: студенттер материалдарды өз бетінше меңгереді, командамен жұмыс істейді, бір-бірінің жұмыстарын тексеріп, бағдарламалау мен жасанды интеллект бойынша 50-ден астам практикалық жобаны орындайды. Оқуға түсу үшін бейінді білім немесе бағдарламалау саласында алдын ала тәжірибенің болуы талап етілмейді.
«Мен ІТ саласына бұрыннан қызығамын, бірақ оқуды неден бастау керектігін түсіне бермейтінмін. Мені «Tomorrow School» мектебіндегі практика мен нақты жобалар арқылы білім алу мүмкіндігі қызықтырды. Ең бастысы, енді мұндай мүмкіндік Талдықорғанда да пайда болды, заманауи цифрлық білім алу үшін басқа қалаға барудың қажеті жоқ. Мен тіркеліп қойдым, енді оқудың басталуын асыға күтіп жүрмін», – деп жоба қатысушысы Гүлсім Мұхтар өз пікірін білдірді.
Жобаға қатысушы Заңғар Ерғали да ой қосты:
«Жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, жас ұрпақ цифрлық технологияларды меңгеріп қана қоймай, оларды оқуында, жұмысында, кәсіпкерлікте, шығармашылықта қолдана алады. «Tomorrow School» тегін мектебінің ашылуының арқасында әркім бағдарламалау негіздерін нөлден бастап меңгере алады. Мұнда оқу жеке портфолиомды қалыптастыруға көмектеседі деп сенемін», – деді ол.
Ресми ашылу рәсімінен кейін іс-шара қонақтары кампус ішімен, мұндағы оқу форматымен танысып, сондай-ақ жасанды интеллект пен цифрлық технологияларға арналған командалық ойындарға қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Tomorrow School» өңірлік кампусының ашылуы Жетісу облысының цифрлық экожүйесін дамытудағы маңызды қадам болып отыр. Жаңа алаң талантты жастарға өз өңірінде заманауи ІТ-білім алуға, сұранысқа ие дағдыларды дамытуға және кәсіби технологиялық қоғамдастықтың бір бөлігі болуға мүмкіндік береді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді «Jetisu Digital» ІТ-хабы ұсынды.




























