Талдықорғанда Қазақстан полициясы күніне орай тәртіп сақшыларына 60 пәтер берілді. Баспана кілтін табыстауға Алматы облысы әкімінің орынбасары Лаззат Тұрлашов пен қала әкімі Ержан Жасыбаев арнайы қатысты.

Елімізде жыл сайын 23 маусымда полиция күні атап өтіледі. Бұл қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін күзетіп жүрген азаматтарға айрықша құрмет көрсететін күн. Атаулы мерекеде  облыс әкімінің орынбасары тәртіп сақшыларын төл мерекелерімен құттықтап, өлшеусіз еңбектеріне зор алғысын білдірді.

«Азаматтардың тыныштығын сақтауда, заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етуде жасаған еңбектеріңіз әрдайым жемісті болсын. Міне, мерекеге орай, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне 60 пәтерлік үй берілуде. Бұл тұрғын үй тұңғыш Президентіміз, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынды», — деді Л.Тұрлашов.

Алпыс пәтер. Алпыс бақытты отбасы. Жиын барысында Ләззат Махатұлы талдықорғандық полицейлерге көптен күткен баспана кілтін салтанатты түрде табыстады. Жаңа қоныс «Болашақ» ықшам ауданында орналасқан. Енді мұндағы үйді «полицейлер үйі» деп атаса артық етпейді. Өйткені, ол тек тәртіп сақшыларына арналған. Өңір тарихында бұл алғаш рет жүзеге асып отыр.

Жаңа қонысқа кіргендердің бірі – Нұрлан Төребеков. Ішкі істерде жауапты қызмет атқарып жүргеніне биыл 7 жыл. Бүгінде қалалық полиция басқармасының лейтенанты. Айтуынша, 4 жыл бұрын шаңырақ көтерген. Қазір қос құлыншақты тәрбиелеп отыр. Жас отбасы баспаналы болуды біраз жыл күткенін жасырмады.

«Міне, екі бөлмелі пәтерге ие болып отырмыз. Үйіміміз жарық, әрі кең. Отбасымызбен қуанып жатырмыз. Біз бұл күнді ұзақ күттік. Бұған дейін пәтер жалдап келген едік, енді ол күндер артта қалды. Бізге осындай мүмкіншілік беріп отырған  полиция департамент бастығына және Алматы облысының әкімшілігіне үлкен алғысымды білдіремін. Сондай-ақ, қызметте жүрген әріптестерімді Қазақстан полициясы күнімен шын жүректен құттықтаймын!», — дейді Н.Төребеков.

Айта кетейік, елімізде ҚР Ішкі істер органдары туралы заң 1992 жылы дәл осы күні қабылданған. Осыған орай, 2007 жылы Елбасы жарлығымен 23 маусым «Қазақстан полициясы күні» деп бекітілді. Содан бері бұл айтулы дата кеңінен тойланып келеді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK