Алматы облысындағы Байсерке аэродромында «Байсерке аспаны – 2026» ауқымды авиациялық шоуы ұйымдастырылып, іс-шараға 10 мыңға жуық көрермен қатысты.
Іс-шара барысында қонақтарға түрлі әуе техникасының мүмкіндіктері мен кәсіби ұшқыштардың шеберлігі көрсетілді. Авиациялық бағдарламаға Ми-2 және Ми-8АМТ тікұшақтары, Ан-2, Як-18Т, Як-52, Як-55, Socata TB-10, Socata TB-20, Partenavia P.68 ұшақтары, сондай-ақ мотодельтапландар мен авиамодельдер қатысты.
Көрермендер үшін тәжірибелі ұшқыштардың жоғары пилотажы, Ми-8АМТ тікұшағы арқылы өрт сөндіру техникасының көрсетілімі және екі Ан-2 ұшағынан парашютшілердің жаппай десанты ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, «Ромб» және «Веер» форматындағы топтық ұшулар көпшілік назарына ұсынылды.
Авиациялық шоудың қорытынды бөлімінде ұшқыштар мен парашютшілердің бірлескен көрсетілімі өтті. Бағдарлама «Небо Байсерке» гимні, барабан шоуы және салютпен аяқталды.
«Байсерке аспаны – 2026» іс-шарасы Туризм және спорт министрлігі бекіткен 2026 жылғы республикалық туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген.
Авиациялық шоу Алматы облысының туристік әлеуетін танытып, өңірде оқиғалық туризмді дамытуға және жаңа туристік өнімдерді қалыптастыруға мүмкіндік беретін ірі жоба ретінде ұйымдастырылды. Іс-шара авиация әуесқойлары мен туристерді бір алаңға жинап, өңірдің тартымдылығын арттыруға бағытталды.





























