Бүгін, яғни, 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні. Осыған орай «Жастар» мәдени-демалыс саябағынындағы «Этноауылда» жастардың қатысуымен патриоттық іс-шара өтті. Ту тұғырдың қасына жиналған қауым мемлекеттік Әнұранды тебіреніспен орындап, рәміздерге деген ерекше құрметтерін көрсетті.

«Біз тәуелсіздікке аңсап, за­ры­ғып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті рәміздерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы – осы», — деген еді Елбасы мемлекеттік рәміздерге қатысты сөйлеген сөзінде.

Иә, Нұрсұлтан Әбішұлының осы сөздерін қазақстандықтардың барлығы жүрек түкпірінде сақтап, әркез жадында ұстағаны жөн. Өйткені рәміздер елдің өзіндік өмір салтын, болмыс-бітім ерекшелігін, өзгелермен байланыс орнату мұратын білдіретін айрықша белгі болып табылады.

«Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ, рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер», — дейді іс-шараға қатысқан патриот жастар.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK