Абай күніне орай Жетісу облысында «Желсіз түнде жарық ай» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылып, жастар мен әдебиетсүйер қауымның басын қосты.
Іс-шараның басты мақсаты – қазақтың ұлы ақыны, ойшылы әрі ағартушысы Абай Құнанбайұлының мол рухани мұрасын кеңінен насихаттау, жастардың қазақ әдебиеті мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және шығармашыл жастардың басын қосып, рухани-мәдени ортаны қалыптастыру болды.
Кеш аясында қатысушылар Абай шығармашылығына арналған кітап көрмесі мен инсталляцияны тамашалап, ұлттық нақыштағы фотозонада естелік суретке түсіп, қазақтың дәстүрлі тағамдарынан дәм татты. Сонымен қатар Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнеролик көрсетіліп, әдеби кештің мазмұнын толықтыра түсті.
Іс-шараға арнайы шақырылған ақындар Жұматай Оспанұлы, Жангелді Немеребаев, Мұхтар Күмісбек және Санжар Сұлтанғазы қатысып, Абай мұрасының бүгінгі қоғамдағы маңызы туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ олар Абайға және жас ұрпаққа арналған авторлық өлеңдерін оқып, көрерменге рухани әсер сыйлады.
Кеш барысында «Желсіз түнде жарық ай» атты әдеби сайыс ұйымдастырылып, қатысушылар «Абайды жалғастыр» және «Қара сөзден тағылым» кезеңдері бойынша білімдерін сынады. Сонымен қатар көрермендер арасында блиц-сұрақтар өткізіліп, белсенді қатысушылар марапатталды.
Әдеби-сазды кештің көркемдік бөлігінде Абайдың әндері орындалып, домбыра сүйемелдеуімен әдеби-музыкалық композициялар ұсынылды. Тағылымы мол мәдени іс-шара ұлттық әдебиет пен өнерді дәріптеп, жастардың рухани дүниесін байытуға және Абай мұрасын жаңа қырынан танытуға ықпал етті.





























