Сауатты жарнама –тіл абыройы

407

 Республика күні қарсаңында  облыс орталығындағы  Тіл сарайында Жетісу облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мен «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің филиалы бірлесіп  «Тілдік ахуал: көрнекі ақпарат, жарнама тілі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Шараға «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің облыстық, аудан, қалалық филиалдарының төрағалары, тілге жауапты мамандар мен тіл оқыту орталықтарының оқытушылары, кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері,зиялы қауым, БАҚ өкілдері қатысты.

Өңірде үйлесімді тілдік ортаны қалыптастыру, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндерін «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сай біріздендіру мақсатында ұйымдастырылған  шараны  «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Жетісу облыстық филиалының төрағасы Әміре  Әрінұлы жүргізді. Шара барысында «Жарнама тіліндегі қателіктердің тілдік-танымдық ықпалы», «Тілді құрметтеу отбасынан басталады» тақырыбында баяндамалар тыңдалып, қатысушылар мемлекеттік тілге қатысты мәселелер және оларды шешу жолдары туралы өзара пікір алмасты.   Өз пікірін білдіргендер ішінде  Талдықорған қалалық мәслихатының депутаты,№7 балабақша меңгерушісі Гүлниса Досанқызы өз сөзінде, бала тәрбиесіндегі мемлекеттік тілді оқытудың маңыздылығына тоқталды. « Қалалық әкімдік пен білім бөлімі бірлесіп өзге ұлттың балалары арасында байқаулар өткізуді дәстүрге айналдырған. Бұл шара шарты бойынша қатысушы бала 30 мақал-мәтел жаттайды. Сол балаларға сауат ашу құралдары, методикалық тұрғыдан пайдалы құралдар аз. Ынта бар, бірақ ата-аналар келіп, баламыз жаттай алмайды, байқауда жеңіліп қалса сағы сынады деп өз реніштерін айтады. Тілі жаңа шыққан балдырғандарға қазақ тілін үйретудің өзіндік  жеңіл методикасына да көңіл аудару керек ». Осындай ұсыныс-пікір айтушылар қатары көп болды. Тілді құрметтеу отбасынан деген пікірмен қоса,  жарнамалық көрнекіліктерге бейжай қарамай, қатені түзеуге атсалысу азаматтық парыз екендігін сөз алғандар баса айтты.

Шара соңы «Сауатты жарнама – тіл абыройы» облыстық байқауының марапаттау рәсіміне ұласып, жеңімпаздарға дипломдар мен сертификаттар табысталды.

 Байқауда I — орынды Базаргүл Садук (Текелі қаласы), II — орынды Ғазиз Аманжолұлы (Талдықорған қаласы),     III орындарды Н. Бейсембеков (Алакөл ауданы) пен Нұрәділ Бегімбет (Панфилов ауданы) иеленді. Қ. Қадыржан (Ақсу ауданы) мен  Н. Ханағатқа (Панфилов ауданы) ынталандыру сыйлығы бұйырды.

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз