«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Жетісу облысының бірқатар жасыл аймақтарында автоматты суару жүйесі орнатылды. Жасыл желекті тұрақты суаруға мүмкіндік беретін осындай жаңа желісі бар Талдықорған қаласындағы «Жастар» мәдени-демалыс саябағы мен Қаратал жағалауына облыс әкімі Бейбіт Исабаев арнайы барып көрді, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қала әкімдігінің мәліметіне қарағанда, биыл Талдықорғанда жалпы ұзындығы 54,8 км автоматты суару жүйесін салу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, жобалар Қаратал өзенінің жағалауында, «Жастар» және «Ардагерлер» саябақтарында жүзеге асырылған.
Осы орайда өңір басшысы «Жастар» саябағындағы көгалдандыру және жасыл желекті күтіп-баптау барысымен, автоматты суару жүйесінің жұмысымен танысты. Атап өтсек, «Жастар» саябағының жалпы аумағы – 4,05 га, көгалдандыру аумағы – 40,5 мың м2. Бүгінгі таңда мұнда автоматты суару жүйесі іске қосылған, қазіргі уақытта көгалдандыруды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Бейбіт Исабаев мердігер ұйым өкілдеріне саябақтың көк шөп өспеген тұстарына қатысты ескертпелерін айтып, жерді тегістеп, қара топырақ төгіп, жасыл желек егу ісін ширатуды тапсырды. Тұрақты суғарудың арқасында егілген көпжылдық шөптер тамыз, қыркүйек – яғни екі айда көтерілуі тиіс.
Осы ретте өңір басшысы саябақтағы көк желектің күтіміне қолғабыс етіп жүрген «Жасыл ел» жасағының жастарымен тілдесті.
— Біз абаттандыруда түйткілді мәселелердің бар екенін көріп, осы салада жүйелі жаңғырту жүргізу керек деп шештік. Сөйтіп саябақтарда жер астына инженерлік-коммуникациялық жүйелерін жүргізіп, су резервуарларын жасап, сорғыларын орнаттық, бетін қара топырақпен жауып, қазір көк егіп жатырмыз. Бұл көпжылдық шөп, тұрақты суарып отырса, бес-он жылға дейін өсе береді. Жетісу жер жаннаты деп бекер аталмаған, сондықтан атына сай бұл өңірдің саябақтары жап-жасыл болып тұруы тиіс. Суаруға, жалпы тазалыққа сіздердің көмекші болып жүргендеріңіз құптарлық. Қала бәрімізге ортақ, сондықтан игі істерді жастар, жалпы тұрғындар — бәріміз бірігіп атқарсақ, «Жастар» сабағын қаланың ең көркем орнының бірі ете аламыз, — деді Б. Исабаев.
Мұнан соң Бейбіт Исабаев абаттандырылып, суару жүйесі іске қосылған Қаратал өзенінің жағалауын аралады. Ол жағалауды абаттандырумен айналысатын мердігер ұйым басшылығына арам шөптерді дер кезінде шабу мен газонға тұрақты күтім жасаудағы кемшіліктерін көрсетіп берді. Оларға абаттандыру жұмыстарына тартылған адам санын көбейтуді, сондай-ақ орын алған кемшіліктерді бір ай ішінде жоюды қатаң тапсырды. Атап өтсек, келесі жылы жағалау аумағында орналасқан балалар ойын және спорт алаңдарын белгіленген талаптарға сәйкес жаңарту жоспарланып отыр.
Жағалауда серуендеп жүрген қала тұрғындары пікірлерін білдірді.
– Бұл – серуендейтін сүйікті орындарымыздың бірі. Өзеннен ескен самал, таза ауа, көк шалғын адамға ерекше әсер етеді. Кешкі уақытта мұнда немерелерімізбен қыдырып, скандинавиялық жүріс әдісімен серуендейміз. Бұл денсаулығымызға өте пайдалы. Жағалаудың көркейтіліп, абаттандырылып жатқаны, жас көшеттерге күтім жасалып, гүлдер мен көгалдар отырғызылып, тұрақты түрде суарылатынын күнде көріп жүрміз. Бұл – тұрғындар үшін жақсы жаңалық, тамаша мүмкіндік, – деді жергілікті тұрғындар.
Жалпы, Талдықорған қаласы аумағында ауданы 125,8 гектарды құрайтын 6 саябақ пен 42 сквер бар. Өткен жылы суға төленетін шығындарды азайту мақсатында қалалық су құбыры желілері арқылы автоматты суару жүйесіне қосылған 21 саябақ пен сквер жерасты ұңғымалары арқылы автоматты суару жүйесіне ауыстырылды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев.





























