Жетісу облысында әсіресе ауылдық жерлердегі білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда. Биыл өңірде бір мезгілде жалпы саны 1280 оқушыға арналған бес жаңа мектептің құрылысы жүргізіліп, қолданыстағы үш білім беру мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді Оның біреуі пайдалануға берілді, ал қалған төрт жаңа мектеп жыл соңына дейін ел игілігіне ұсынылады. Негізгі мақсат – білім сапасын арттыру, сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, заманауи білім беру ортасын қалыптастыру және педагогтердің еңбек ету жағдайын жақсарту, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, жаңа мектептер Кербұлақ ауданындағы Көксай, Панфилов ауданындағы Сүптай, Текелі қаласына қарасты Рудничный ауылдарында, сондай-ақ Қаратал ауданы Үштөбе қаласын және Талдықорғанда бой көтеруде. Көксу ауданы Бозтоған ауылындағы Мұсабек атындағы орта мектепке жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, нысан пайдалануға берілді, тағы екі мектептің қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.
Жаңа мектептердің басым бөлігі, сол сияқты қолданыстағы білім беру ұйымдарындағы жаңғырту жұмыстары ауылдық елді мекендерде жүзеге асырылуда. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев атап өткендей, бұл жұмыстар Мемлекет басшысының қала және ауыл мектептері арасындағы білім сапасы алшақтығын қысқарту жөніндегі тапсырмасын іске асыруға бағытталған. Мектептер салу және қайта жаңғырту жұмыстарымен қатар, білім беру ұйымдарын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге де ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы үш жылда 232 ауыл мектебінің материалдық-техникалық базасы жаңартылды.
Жаңадан салынып жатқан білім беру нысандарының бірі – Текелі қаласына қарасты Рудничный ауылындағы 30 орындық шағын орталығы бар 200 орындық орта мектеп. Бұл ауылда жаңа мектеп салу мәселесі көптен бері өзекті болып келген. Қолданыстағы мектеп ғимараты 1969 жылы салынған, пайдалануға берілгеннен бері бірде-бір рет күрделі жөндеуден өтпеген. Осы уақыт ішінде инженерлік желілер мен құрылыс конструкциялары әбден тозып, шатырдың апаттық жағдайға жетуі жергілікті тұрғындарды алаңдатқан. Осыған байланысты 2025 жылдың мамыр айында жаңа мектептің құрылысы басталды. Нысан Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен салынып жатыр.
– Құрылыс алаңында күн сайын 64 маман жұмыс істеуде, сегіз бірлік арнайы техника жұмылдырылған. Қазіргі таңда абаттандыру жұмыстарының аз ғана бөлігі қалды. Алдағы бес-алты күн ішінде құрылыс толық аяқталады. Ғимараттың ішкі әрлеу және жабдықтау жұмыстары толық біткен. Жалпы нысанның дайындық деңгейі 98%. Бекітілген кестеге сәйкес нысанды тамыз айының басында пайдалануға беру жоспарланған, – деді учаске басшысы Қылышбай Қалмұратов.
Жаңа екі қабатты мектеп ғимараты сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін деформациялық жіктермен бөлінген төрт блоктан тұрады. Жобаға сәйкес мұнда мектепалды даярлықтың екі сыныбы, он бір оқу кабинеті, шет тілі, алғашқы әскери және технологиялық даярлық кабинеттері, мультимедиялық кабинет, сондай-ақ заманауи зертханалармен жабдықталған информатика, физика, химия және биология кабинеттері қарастырылған. Оқушылардың тәжірибелік дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Осы мақсатта ұл балаларға арналған әмбебап шеберхана, қыз балаларға арналған мата өңдеу шеберханасы және аспаздық кабинеті жабдықталған. Барлық оқу кабинеттері қолданыстағы талаптар мен стандарттарға сай заманауи жиһаздармен және қажетті оқу құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етіледі.
– Мен бұл мектепте 2017 жылдан бері жұмыс істеймін. Ескі ғимарат жарты ғасырдан астам уақыт пайдаланылды. Енді қыркүйек айынан бастап оқушыларымыз заманауи мектепте білім алады. Бұл – баршамыз үшін үлкен қуаныш. Жаңа ғимаратқа 36 педагог пен 18 техникалық қызметкер көшіп келеді. Балалардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған, – деді мектеп директоры Әсел Жақсыбаева.
Ескелді ауданындағы Елтай ауылында орналасқан С. Сейфуллин атындағы орта мектепті күрделі жөндеу жұмыстары да аяқталуға жақын. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың мамыр айында басталған. Қазіргі таңда нысанның дайындық деңгейі 99%. Жоба аясында мектептің шатыры, қасбеті және ішкі бөлмелері толық жаңартылып, инженерлік коммуникациялар түгел ауыстырылды. Заманауи өрт дабылы, бейнебақылау және байланыс жүйелері орнатылып, қазандық жаңғыртылды, сондай-ақ мектеп аумағы абаттандырылды. Ең маңызды жаңалықтардың бірі – ғимарат газбен жылыту жүйесіне қосылған. Сонымен қатар мектептің материалдық-техникалық базасы да жаңартылды.
– Мен осы мектепті қырық жыл бұрын тәмамдадым. Осы уақыт ішінде мұнда алғаш рет күрделі жөндеу жүргізіліп отыр. Бүгінде мектеп адам танымастай өзгеріп, заманға сай, жарық әрі жайлы білім ордасына айналды. Мұғалімдер де, ата-аналар да, оқушылар да өте риза. Жаңа оқу жылының басталуын асыға күтіп жүрміз, – деді жергілікті тұрғын Асан Оңалбаев.
Атап өтсек, Жетісу облысы құрылғаннан бері, яғни 2022-2025 жылдар аралығында өңірде 41 мектеп жаңғыртылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Панфилов ауданында және Достық стансысында жаңа буындағы «Келешек мектептері» бой көтерді. Жалпы, аталған кезеңде әлеуметтік саладағы 276 нысан салынды, қайта жаңғыртылды немесе күрделі жөндеуден өтті. Соның нәтижесінде салуды немесе күрделі жөндеуді қажет еткен әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының жаңару деңгейі орта есеппен 55,8 пайызға жетті.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков





























