Жетісу облысында «Бір ауыл – бір өнім» көрме-байқауы өтіп, онда өңірдің аудан-қалаларынан 40-қа жуық кәсіпкер өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Талдықорғандағы «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткен көрмеге келгендер қатарында ұлттық тағам, қолөнер бұйымдарын, табиғи косметика т.б. өнімдер жасайтын белсенді кәсіпкерлер бар. Шара соңында қатысушылардың өнімдері сапасы, жаңашылдығы, нарықтағы сұранысына қарай сараланып, жобаның 20 үздік жартылай финалисі анықталды, ал финалистер алдағы кезеңде белгілі болады, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Көрме-байқауға қатысушыларды өңір басшысының атынан құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– Президентіміз айтқандай, тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылдың өркендеуінің берік негізі. Сондықтан Жетісу облысында бұл салаға айрықша көңіл бөлініп келеді. Биылдың өзінде қаржылай қолдау аясында өңірдегі 140-тан астам шағын және орта бизнес субъектісіне жалпы көлемі 7 млрд теңгеден асатын мемлекеттік қолдау көрсетілді. Оның ішінде 93 жобаға субсидия берілсе, 42 кәсіпкер кепілдендіру тетігіне ие болды. Бұдан бөлек, ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 312 азаматқа жалпы сомасы 2,7 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие ұсынылды. Қаржылық қолдаумен қатар кеңес беру, оқыту, сүйемелдеу секілді қаржылай емес қолдау тетіктері де жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бағытта Өңірлік кәсіпкерлер палатасының еңбегі зор, – деді Ә.Қанағатов.
Жалпы «Бір ауыл – бір өнім» көрме-байқауы жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылады. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оңалбаевтың айтуынша, бұл іс-шараның мақсаты – жергілікті өнім өндірушілерге қолдау білдіру, олардың еңбегін көпшілікке таныстыру, өңірде өндірілетін табиғи әрі сапалы өнімдерді насихаттап, жаңа нарықтарға жол ашу. Мұнда тек өнімнің сапасы бағаланып қана қоймай, қатысушыларға нарық талаптарын терең түсінуге мүмкіндік беріледі, өнімнің дизайнын жетілдіруді, қаптамасын талапқа сай әзірлеуді, сертификаттау рәсімдерін меңгеруді және өз брендін тиімді ілгерілетуді үйретеді. Оған қоса бұл көрме кәсіпкерлердің өнімдерін республикалық және халықаралық деңгейде танытуға жағдай жасайды.
Көрмеге қатысқан кәсіпкерлердің бірі — Сарқан ауданының Алмалы ауылынан келген Салтанат Нұрғазинова. Ол 12 жылдан бері құрт, жент, қатық, айран, сүзбе сияқты сүт тағамдарын дайындап келеді.
— Әуел баста кәсіпті бір ғана сиырдан бастадым. Бірте-бірте мал басын көбейтіп, бүгінде оның санын он бес сауынды сиырға жеткіздім. Табанды еңбектің арқасында шаруам берекелі кәсіпке айналды. Қазір біздің өнімдеріміз облыстың өзге өңірлеріне, Алматы қаласына жөнелтіледі. Бес баланың анасымын. Балаларымды да еңбекке жастайынан үйретіп келемін. Адал еңбек пен төзімнің арқасында ауылдық жерде де кәсіпті дөңгелентіп әкетуге болады. Жастарды туған жерге келіп, еңбек етуге шақырамын, — деген ол табиғи өнімге деген сұраныстың жыл өткен сайын артып келе жатқанын атап өтті.
Осы күні «Көшпенділер дәстүрі – заманауи жайлылықта» деп аталатын жоба сөресінің маңынан да келушілер қарасы үзілген жоқ. Мұнда жергілікті табиғи жүннен жасалған қолөнер туындылары, яғни қабырға панельдері, интерьерлік бұйымдар, ойыншықтар, аксессуарлар мен әшекейлер ұсынылды.
— Біз өз бұйымдарымызды жасауда заманауи дизайнерлік шешімдерді киіз басу өнерінің көне дәстүрімен үйлестірдік. Киіз – ерекше материал. Ол экологиялық жағынан таза, ұзақ уақытқа шыдамды әрі табиғи бактерицидтік қасиетке ие. Біз ұлттық қолөнердің де заманауи, сәнді әрі сұранысқа ие бола алатынын көрсетуді мақсат еттік. Бұл көрмеде өзіміз секілді кәсіпкерлермен танысып, пікір алмасып, бір-бірімізге тәжірибемізді таратамыз, арнайы мамандардан кәсібімізді одан әрі жетілдіру туралы ақыл-кеңестер аламыз . Сондықтан бүгінгі шараға қатысу – біз үшін тәжірибе мектебі, – дейді «Амир» ЖК дизайнері Құралай Сағадиева.
Атап өтсек, өткен жылы «Бір ауыл – бір өнім» көрме-байқауына қатысқан екі кәсіпкер жалпы сомасы 10 миллион теңгенің мемлекеттік грантын иеленген. Тағы екі қатысушы «Ауыл аманаты» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы арқылы 18,4 млн теңге көлемінде қаржыландыруға ие болды. Төрт қолөнер шебері өз туындыларын Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында таныстырса, тағы төрт кәсіпкер «Coca-Cola Belesteri» гранттық бағдарламасының жеңімпазы атанды. Бүгінде жоба қатысушыларының өнімдері Алматы қаласындағы «NOMAD BAZAAR» мамандандырылған дүкенінде де сатылымға шығарылған.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Қанат Өмірәлинов.





























