Облыста жалпы бір мезгілде 714 мың тонна астық сақтауға арналған 486 астық қоймасы бар. Олар өңірдің 10 ауданы мен қаласында негізгі астық өндірушілерге жақын жерде орналасқан. Бұл нысандар егін өнімін қабылдауға, сақтауға және кейіннен өңдеуге арналған. Сақтау барысында астық тазартылып, сұрыпталып және кептіріледі, бұл оның ұзақ мерзім бойы сапалы сақталуына мүмкіндік береді. Облыстағы астық кептіргіш құрылғылардың жалпы өнімділігі тәулігіне 500 тонна шамасында, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңірде масақты дәнді дақылдарды жинау науқаны қызу жүріп жатыр. Бүгінге дейін 39,3 мың гектар алқаптан өнім жиналып, 73,8 мың тонна астық бастырылды. Орташа өнімділік гектарына 18,8 центнерден айналды.
Бұл ретте егін орағы Көксу ауданында да қарқынды жүргізілуде. Соның бірі – Алғабас ауылындағы «Ұлан» шаруа қожалығының егіс алқаптары.
– Биыл 390 гектарға жаздық арпа, 150 гектарға бидай ектік. Сонымен қатар біржылдық және көпжылдық шөптер мен жүгері өсіреміз. Мал шаруашылығымен де айналысамыз. Қазіргі таңда шаруашылықта 350 бас сиыр мен 500 жылқы бар. Жемшөп қоры жеткілікті. Сондай-ақ өзіміздің бордақылау алаңымыз жұмыс істейді. Үш қоймамызда арпа мен жүгеріні сақтауға толық мүмкіндік бар. Әр қойманың сыйымдылығы шамамен 3 мың тоннаға дейін астық сақтауға жетеді. Қазіргі уақытта егістікті күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде және дәнді дақылдарды жинау басталды. Былтыр мол өнімнің артылған бөлігін Тәжікстан мен Өзбекстанға экспорттадық, – деді «Ұлан» шаруа қожалығының жетекшісі Нұржан Рғайбек.
Шаруашылық басшысы мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруашылықтың техника паркі жаңартылғанын да атап өтті. Лизинг арқылы астық жинайтын жаңа комбайн мен тракторлар сатып алынған.
Атап өтсек, Көксу ауданында шамамен 1800 шаруа қожалығы бар. Оның 250-ге жуығы мал шаруашылығымен айналысады. Ауданда егін жинау жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Сонымен қатар ауданда 42 астық қоймасы жұмыс істейді. Аудандағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері «Кең дала-2» бағдарламасымен 1 млрд теңгеге жуық көлемде жеңілдетілген несие алды.
Сондай-ақ Жетісу облысында күзгі дала жұмыстарына 1636 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы, оның ішінде 1002 астық жинайтын комбайн қатысады. Қазіргі уақытта барлық техника толық жөндеуден өткізіліп, егін жинау науқанына 100 пайыз дайын.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Дмитрий Ерофеев





























