Мемлекеттік қызметтегі меритократия қағидаты

8

Мемлекеттік қызметтегі меритократия – мемлекеттік қызметке қабылдау және қызметтік өсу кезінде азаматтардың кәсіби біліктілігіне, білім деңгейіне, еңбек нәтижесіне және құзыреттілігіне негізделетін қағидат. Бұл қағидат кәсіби, тиімді әрі халыққа қызмет ететін мемлекеттік аппарат қалыптастырудың негізгі тетіктерінің бірі болып табылады.

Меритократия қағидатына сәйкес мемлекеттік қызметке іріктеу, бағалау және мансаптық ілгерілету үдерістері ашықтық, әділдік және тең мүмкіндік негізінде сай жүзеге асырылады. Бұл мемлекеттік органдардағы кадрлық саясаттың тиімділігін арттырып, кәсіби мамандарды ынталандыруға мүмкіндік береді.

Меритократия қағидатының іс жүзінде іске асырылуы мемлекеттік аппаратқа деген сенімділікті нығайтып, тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментімен мемлекеттік қызметшілердің жай-күйі туралы есептілігінің нәтижесіне сәйкес, меритократия қағидаты бойынша оларды тағайындаудың объективтілігіне тұрақты негізде мониторинг жүргізіледі.

Жетісу облысының жергілікті атқарушы органдарында  2026 жылдың 1 жартыжылдығының қорытындысы бойынша меритократия қағидатының сақталу деңгейі 74% құрайды. Яғни, өткізілген ішкі конкурс нәтижесінде  — 37 азамат ілгерілету арқылы жоғары лауазымдарға тағайындалды.

Меритократия қағидатының басты артықшылықтарының бірі – мемлекеттік қызметшілерді үздіксіз кәсіби дамуға ынталандыру. Білімі мен тәжірибесін жетілдіріп, жоғары нәтижелер көрсеткен қызметкерлердің мансаптық өсуіне мүмкіндік беріледі. Бұл мемлекеттік аппараттың сапасын арттырып қана қоймай, қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін күшейтеді. Сонымен қатар меритократия әділ кадрлық шешімдер қабылдауға және мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға ықпал етеді.

Меритократия – кәсібилікке, адалдыққа және жауапкершілікке негізделген мемлекеттік қызметтің маңызды қағидаты. Оның тиімді жүзеге асырылуы халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуді қамтамасыз етіп, елдің тұрақты дамуына және тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруға негіз болады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері
агенттігінің Жетісу облысы бойынша
Департаментінің Мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы
Шарипова Бақытгүл Қыдырбекқызы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз