Болашақ туризмнің белдеуі

3

Бұған дейін Алакөл ауданында ұйымдастырылған баспасөз туры аясындағы сапардың алғашқы бөлігін баяндаған едік. Бұл жолғы бағыт – соңғы жылдары тынысы кеңейіп, келушілер қатары жыл сайын артып келе жатқан Балқаш демалыс аймағы.

Жетісудың жаратылыс сыйлаған жауһарларының әрқайсысының өз болмысы, өз мінезі бар. Солардың бірі – ғасырлар бойы сайын даланың тынысын бойына жиған, талай керуеннің ізі қалған, талай жолаушының сағынышын басқан Балқаш. Көлдің көгілдір айдыны мен жағалаудағы жұпар самал бүгінде өңір экономикасын алға сүйрейтін, елдің әл-ауқатына серпін беретін стратегиялық бағыттың өзегіне айналып келеді.

Иә, соңғы жылдары Балқаш жағалауындағы өзгеріс көзге анық байқалады. Кезінде табиғи сұлулығымен ғана ерекшеленген аймақ бүгінде жаңа инфрақұрылыммен толығып, заманауи туристік орталыққа айналу жолына түсті. Бұл өзгерістердің әрқайсысы ұзақмерзімді жоспардың жемісі. Мақсат біреу – көл жағалауына келген әрбір адамның қауіпсіз, жайлы әрі сапалы демалысын қамтамасыз ету.

Осы мақсаттағы баспасөз турына облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев қатысып, жүзеге асып жатқан жобалармен таныстырды. Оның айтуынша, Балқашты дамыту бір ғана туристік нысан салумен өлшенбейді. Мұнда инженерлік желілер тартылып, көлік қатынасы жаңартылып, демалыс мәдениетін жаңа деңгейге көтеретін кешенді жұмыстар қатар жүргізілуде.

Бүгінде жағалауда 3 коммуналдық жағажайдың құрылысы қолға алынған. Бұл – бұрын-соңды өңірде болмаған ауқымды бастама. Алғашқы жағажай биылғы туристік маусымда пайдалануға беріледі. Бір мезетте үш мыңға дейін адам қабылдайтын демалыс орны бес жүз автокөлікке арналған тұрақпен қамтылады. Осы арқылы жағалаудағы көлік қозғалысы реттеліп, демалушылардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы едәуір жақсарады.

Жұмабай Мұсабеков

Бұл жағажайдың басты ерекшелігі – тек суға шомылатын орын болуымен шектелмейтіні.Мұнда келушілердің күнделікті сұранысы түгелдей ескерілген. «Арбат» коммуналдық жағажайының аумағында он сегіз дәмхананы біріктіретін заманауи фуд-корт орналасады. Ана мен бала бөлмелері, санитарлық-гигиеналық нысандар, тұрмыстық қызмет көрсету орындары демалушылар игілігіне беріледі. Қоғамдық тәртіпті полиция қызметкерлері қадағаласа, құтқарушылар мен медицина мамандары тәулік бойы кезекшілік атқарады. Мұның бәрі көл жағалауындағы демалысты кездейсоқтыққа емес, жүйелі ұйымдастыруға негізделген.

Жағалауға іргелес аумақта тағы бір маңызды жоба жүзеге аспақ. Жалпы аумағы он төрт гектарды құрайтын «Балдәурен» балалар жағажайы ең алдымен жасөспірімдердің қауіпсіз демалысына арналмақ. Табиғаттың өзі бұл өңірге ерекше мүмкіндік сыйлаған. Көлдің осы бөлігіндегі судың таяз болуы балалардың емін-еркін шомылуына қолайлы жағдай жасамақ. Қазіргі уақытта қажетті құжаттар әзірленіп, құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігерді анықтау үшін конкурс жарияланған.

Балқашта қолға алынған бастамалардың ішінде өзгеше сипатымен ерекшеленетін жоба – Этно-жағажай. Бұл демалыс орны ұлттық нақыштағы сәулеттік үлгімен безендіріліп қана қоймай, Қазақстандағы этностардың мәдениетін тоғыстыратын рухани кеңістікке айналмақ.

Облыс әкімінің орынбасары Марлен Қапашұлының айтуынша, мұнда елімізді мекендейтін түрлі этнос өкілдерінің мәдени орталықтарына арнайы орын бөлінеді. Әрбір этномәдени бірлестік өзінің тарихын, қолөнерін, ұлттық бұйымдарын, салт-дәстүрін және мәдени мұрасын көпшілікке таныстыруға мүмкіндік алады. Бұл бастама Қазақстандағы қоғамдық келісім мен өзара құрмет құндылықтарын дәріптеп қана қоймай, шетелден келетін туристерге еліміздің мәдени байлығын тереңірек тануға жол ашады.

Этно-жағажай сәулеттік жобамен қатар Балқаштың табиғи көркін ұлттық рухпен ұштастыратын жаңа мәдени кеңістік. Көл жағалауына келген әрбір қонақ табиғаттың сұлулығынан бөлек қазақ даласының тарихын, салт-дәстүрін және Қазақстанды мекендейтін сан түрлі этностың мәдени мұрасын бір жерден тамашалай алады. Туризмнің бүгінгі үрдісі де дәл осындай мазмұнды жобаларды талап етеді. Себебі қазіргі саяхатшы әсем табиғаттан бөлек барған өңірдің руханиятын да сезінгісі келеді.

Балқаштағы өзгерістер осы сұраныспен үндесіп жатыр. Сондықтан жағалауда бой көтерген әрбір жаңа нысан – демалушылардың жайлылығы мен Жетісудың туристік келбетін жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам. Табиғаттың баға жетпес байлығы мен заман талабына сай инфрақұрылым өз-ара сабақтасқанда ғана өңірдің шынайы әлеуеті толық ашылады.

Балқаш жағалауындағы қарқынды өзгерістердің нәтижесі бүгіннің өзінде нақты көрсеткіштерден байқала бастады. Өңірде туризмге қызығушылық жыл өткен сайын артып келеді. Былтыр көл жағалауында 120 мыңға жуық адам демалған. Соның 10 мыңға жуығы – шетелдік саяхатшылар. Биыл бұл көрсеткіш бұдан да жоғары болады деген болжам бар. Мамандардың есебіне сүйенсек, туристер саны 150 мыңнан асады деп күтілуде. Бұл – Балқаштың халықаралық бағыттағы сұранысқа ие демалыс орындарының қатарына біртіндеп қосылып келе жатқанын аңғартады.

Демалушылар қатары көбейген сайын жол қатынасына түсетін салмақтың да арта түсетіні заңдылық. Сондықтан өңірде көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға айрықша мән беріліп отыр. Туризм жағажайдан басталмайды. Ол жолаушының алғашқы қадамы теміржол стансысына түскен сәттен басталады. Сапардың алғашқы әсері де, өңір туралы қалыптасатын алғашқы көзқарас та вокзалдан бастау алады. Осы қағиданы басшылыққа алған жергілікті билік Лепсі ауылындағы теміржол вокзалын толық жаңарту ісін қолға алған.

Бүгінде өткен ғасырдың алғашқы ширегінде, нақтырақ айтқанда, 1924 жылы салынған ескі вокзал толықтай сүріліп, оның орнына заман талабына сай жаңа кешен бой көтеруде. Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған. Жоба аяқталған соң Балқаш жағалауына теміржол арқылы қатынайтын жолаушылар үшін мүлде жаңа мүмкіндік ашылады.

Лепсі ауылдық округінің әкімі Ақтөре Қиястың айтуынша, құрылыс белгіленген жоспарға сай жүргізіліп жатыр.

– Жаңа вокзалды 2026 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Ғимараттың жалпы аумағы – 600 шаршы метр. Перронның ұзындығы – 800 метр. Вокзал бір мезетте 300-400 жолаушыға қызмет көрсете алады. Ғимарат толықтай қазіргі заман талабына сәйкес салынып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі, – дейді округ әкімі.

Жаңа вокзал іске қосылғаннан кейін Лепсі стансысының өткізу мүмкіндігі бірнеше есе артады. Кең күту залдары, жайлы қызмет көрсету орындары, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы жағдайлар қарастырылады. Бұл жаңашылдықтар Балқашқа бет алған туристердің жол үстіндегі қолайсыздықтарын азайтып, сапардың жайлылығын арттырады.

Шын мәнінде туризмді дамыту қонақүй немесе жағажай салумен ғана өлшенбейді. Оған апаратын жолдың сапасы, көлік қатынасының қолайлылығы, қарсы алу мәдениеті де шешуші рөл атқарады. Лепсіде салынып жатқан жаңа вокзал осы талаптардың бәріне жауап беретін маңызды нысан болмақ. Ол Балқашқа келетін мыңдаған жолаушыға құшақ ашатын заманауи қақпаға айналып, өңірдің туристік беделін арттыра түседі.

Балқаштың табиғи сұлулығы жайлы сөз қозғағанда көлдің жылы суы мен ерекше табиғатын сүйсіне айтпай кету мүмкін емес. Осы ерекшелік шетелдік саяхатшыларды қызықтырып келеді. Алайда олардың пікірінше, табиғат берген байлықты толық бағалату үшін инфрақұрылымды үздіксіз жетілдіру қажет.

Ресейлік Эльвира Қайсарова Балқашқа бірнеше рет демалуға келгенін айтып, көлдің басты ерекшелігі ретінде суының тазалығы мен жылылығын атап өтті.

– Біздің ең сүйікті демалыс орындарымыздың бірі – Балқаш. Суы өте жылы, табиғаты ерекше. Инфрақұрылым одан әрі дамып, қызмет көрсету сапасы артып, демалыс бағасы қолжетімді болса деген тілек бар. Алакөлде туристік базалар әлдеқайда көп. Ал Балқашта жаңғыру жұмыстары енді қарқын алып келеді. Бұл өңірдің болашағы зор. Сондықтан оның бүгінгіден де көркейіп, тезірек дамығанын қалаймыз, – дейді турист.

Шетелдік қонақтың бұл пікірі Балқашта қолға алынған жұмыстардың өміршеңдігін айқын көрсетеді. Себебі бүгінде инженерлік желілерді жаңарту, коммуналдық жағажайлар салу, жаңа вокзал тұрғызу, қызмет көрсету мәдениетін жетілдіру бағытындағы жұмыстардың барлығы бір мақсатқа – туристің көңілінен шығатын қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Балқаштың бүгінгі тынысын сырттан келген қонақтардан бөлек мұнда жыл сайын ат басын бұратын отандық демалушылар да анық аңғарып отыр. Талдықорған қаласының тұрғыны Жасұлан Тоқтағұлов жаз мезгілінде Балқаш жағалауына жиі келетінін айтады. Сондықтан жағалаудағы өзгерістерді өз көзімен көріп жүргендердің бірі.

– Балқашқа жыл сайын келемін. Соңғы уақытта мұндағы өзгерістер анық байқалады. Жағалау абаттандырылып, демалушыларға қолайлы жағдай жасауға басымдық беріліп жатыр. Құрылыс жұмыстары аяқталып, жаңа нысандар толық іске қосылса, Балқаштың туристер үшін бұдан да тартымды орынға айналатынына сенемін, – дейді демалушы.

Ал Достық стансысынан арнайы демалуға келген үш баланың анасы Ләйла Кашкеева Балқаштың басты ерекшелігі ретінде жағалауының жайлылығы мен балалар үшін қолайлылығын атап өтті. Оның айтуынша, көл жағасындағы жұмсақ әрі жылы құм бүлдіршіндердің алаңсыз асыр салып ойнауына мүмкіндік береді. Су жиегінің бірқалыпты әрі қауіпсіз болуы да отбасымен келетін демалушылар үшін үлкен артықшылық. Сондықтан Балқашқа жыл сайын арнайы келіп, табиғаттың тынысын сезініп қайтуды дәстүрге айналдырғанын жеткізді.

P.S Иә, қазір Балқаш жағалауында демалушыларға жағдай жасау мақсатында құрылыс қарқыны қызу жүріп жатыр. Әрбір көтерілген қабырға, әрбір төселген жол, әрбір жаңадан бой көтерген нысан – ертеңгі туристік табыстың берік негізі. Бұл жұмыстар аяқталған кезде көл жағалауы мүлде жаңа кейіпке енеді.

Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз