Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті алкоголь өнімін өткізу кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын қатаң сақтау қажеттілігін ескертеді.
2026 жылдың басынан бастап Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті сот органдарына «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 200-бабының талаптарын бұзу, атап айтқанда, сатып алушылардың жасына және сату уақытына қатысты белгіленген шектеулерді бұза отырып алкоголь өнімін өткізу фактілері бойынша 55 материал жолдады.
Істерді қарау нәтижелері бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтарды қайталап жасағаны үшін 6 кәсіпкерлік субъектісінің алкоголь өнімін өткізуге арналған лицензиясынан айырылды (күші жойылды). Бұдан бөлек, 9 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты тақырыптық салықтық тексерулер жүргізіліп, оның барысында тиісті лицензиясыз алкоголь өнімін сақтау және өткізу фактілері анықталды. Заңсыз айналымнан 282 литр алкоголь өнімі тәркіленді.
Сондай-ақ, лицензияның қолданылуы тоқтатыла тұрған кезеңде алкоголь өнімін өткізу фактілері де анықталуда. Алкоголь өнімін өткізу құқығы болмаған жағдайда қызметті жүзеге асыру Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу болып табылатынын және лицензиядан айыруға дейінгі әкімшілік жауаптылыққа әкеп соқтыратынын ескертеміз.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 200-бабына сәйкес мыналарға тыйым салынады:
* 21 жасқа толмаған тұлғаларға алкоголь өнімін өткізуге;
* алкоголь өнімін бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыруға (ресторандарды, барларды, кафелерді және заңнамада көзделген өзге де жағдайларды қоспағанда):
* сағат 23:00-ден келесі күнгі сағат 08:00-ге дейін;
* этил спиртінің көлемдік үлесі 30%-дан асатын алкоголь өнімін — сағат 21:00-ден келесі күнгі сағат 12:00-ге дейін.
Аталған бұзушылықтар үшін әкімшілік айыппұлдар, лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, ал құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталап жасалған жағдайда — лицензиядан айыру көзделген.
Бұзушылықтарды болдырмау мақсатында Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мыналарды ұсынады:
* күмән туындаған жағдайда сатып алушының жасын тексеру және жеке басын куәландыратын құжатты талап ету;
* заңнамада белгіленген алкоголь өнімін өткізу уақытын қатаң сақтау;
* лицензияның қолданылуы тоқтатыла тұрған кезеңде алкоголь өнімін сақтауды және өткізуді жүзеге асырмау.
Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті барлық кәсіпкерлік субъектілерін өз қызметін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына қатаң сәйкестікте жүзеге асыруға шақырады. Белгіленген талаптарды сақтау әкімшілік жауаптылықтан жалтаруға, лицензияны сақтап қалуға және кәсіпкерлік қызметтің заңды түрде жүргізілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.





























