«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Талдықорған қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Ата –баба дәстүрі- ұрпаққа аманат» бағдарламасының қорытынды жиыны өтті.
15 жылға жуық қаламыздың 27 мектебі мен колледж ұжымдары арқылы ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, өскелең жастардың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру,салт пен дәстүрді насихаттауды мақсат тұтқан бағдарлама нәтижелі жемісін беруде. Өткен оқу жылында түрлі тақырыптарды қамту арқылы өткізілген шараларға мектеп ұстаздары мен оқушылары, белсене ат салысты. Жастарды аға ұрпақтың отаншылдық және еңбек даңқы дәстүрлері рухында тәрбиелеуге, оларды қазақстандық патриотизм рухында баулуға бағытталған игілікті істердің алдыңғы қатарында жүретін аға ұрпақ өкілдері — ардагерлер осы жылы да өздерін өнегелі де тәрбиелі істерімен көрсете білді.Талдықорған қалалық әкімдігі мен қалалық білім бөлімі барлық шараларға лайықты қолдау танытып келеді. Жиын барысында 2025-2026 жылдары өткізілген тәрбие сағаттарының қорытындысы бойынша бағдарламаның орындалуына асқан жауапкершілік танытқан мектеп ұжымдарына, белсенді ардагерлерге «Алғыс хат» пен бағалы сыйлықтар табысталды. Бас жүлдені М.Жұмабаев атындағы №19 мектеп-гимназия ұжымы иеленсе,одан кейінгі орынға Н.Островский атындағы №8 орта мектеп лайықты деп танылды. Басқа да мектеп ұжымдары қосқан үлестеріне қарай арнайы комиссия белгілеген биіктерден көрінді.
Самғат Долаев, Н.Островский атындағы №8 орта мектеп директоры: —Жиын қорытындысында жүлделі орындардан табылып жатқан барлық мектеп ұжымдарын құттықтағым келеді.Тақырыптар ауқымды, қиындау болды десек те, оқушылар мен ұстаздар жауапкершілікпен дайындалды. Жаңа оқу жылында бағдарлама жалғасын табатынын білеміз,сондықтан да әр мектеп Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесіне екі ұсыныс енгізіп, қазіргі заманға сай тақырыптарды қамтысақ, нұр үстіне нұр болар еді. «Ата-баба дәстүрі- ұрпаққа аманат» бағдарламасын қуана қолдаймын.
Айгүл Ақажанқызы, М.Жұмабаев атындағы №19 мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:- «Ата-баба дәстүрі- ұрпаққа аманат» бағдарламасының жүзеге асырылып жатқан 15 жылының соңғы 8 жылында үнемі бас жүлдені иеленіп келеміз. Бұл мектеп ұжымы мен оқушылардың,олардың ата-аналарының жемісті еңбегінің нәтижесі деп білемін. Біздің мектепте «Мағжан ізбасарлары» атты балалар театры жұмыс жасайды. Тұсауын Қазақстан Республикасына Еңбегі сіңген әртістер Кендебай және Алмахан Кенжебековтер кескен еді. «Өзекті өртеген шындық» атты тарихи-танымдық сахналық қойылымды оқушылар асқан шеберлікпен орындап, көрермендерге терең әсер қалдырды.
Жиынға Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков,қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ілияс Сағымбеков, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақшабай Керімбеков, қалалық білім бөлімінің басшысы Шынар Шәріпбаева қатысып, ізгі тілектерін білдірді.





























