Жас түлек — 2026: Сыңғырла, соңғы қоңырау!

3

Соңғы қоңырау – мектеп бітіруші түлектер үшін жүрек тебірентер ерекше сәт. Балалық шақпен қоштасып, үлкен өмірге қадам басатын бұл күн әр шәкірттің жадында мәңгі сақталары анық. Осыған орай қала мектептерінде соңғы қоңырау салтанаты кең көлемде аталып өтті. Айтулы шаралардың бірі қаламыздағы тұңғыш қазақ мектебі саналатын Б. Жолбарысұлы атындағы №18 орта мектеп-лицейінде ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға қала әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков қатысып, мектеп бітіруші түлектерге ізгі тілегін арнады.

Мерекелік шара барысында ол жас түлектерді өмірлеріндегі маңызды белеспен құттықтап, алда тұрған жауапты кезеңде сәттілік тіледі. Сондай-ақ ұстаздардың өлшеусіз еңбегі мен ата-аналардың қамқорлығына ерекше тоқталып, олардың бала тәрбиесіндегі рөлін атап өтті.  «Бүгін сіздер үшін өмірдің жаңа кезеңі басталғалы тұр. Алда үлкен таңдау, жаңа мүмкіндіктер мен биік белестер күтіп тұр. ҰБТ-ны сәтті тапсырып, армандаған мамандық иесі атанып, ел игілігі жолында қызмет ететін азамат болуларыңызға тілектеспін» — деді. 40 жылға жуық тарихы бар аталмыш мектеп-лицейін биыл 50 түлек аяқтады. Білім мен тәрбиені қатар ұштастырған қарашаңырақтың биылғы түлектері де өз жетістіктерімен қуантты. Олардың қатарында 4 оқушы «Алтын белгіге» үміткер болса, тағы 4 түлек үздік аттестат алуға ниетті. Бұл  шәкірттердің табанды еңбегі мен ұстаздардың сапалы білім беру жолындағы қажырлы еңбегінің нәтижесі. Мектеп ұжымы жыл сайын білім, өнер және спорт салаларында жоғары жетістіктерге жетіп жүрген дарынды оқушыларымен ерекшеленеді. Биылғы түлектер де түрлі пәндік олимпиадалар мен  байқауларда, қоғамдық және мәдени іс-шараларда белсенділік танытып, мектеп мерейін асқақтатты.

Айта кетейік, қазіргі таңда Талдықорған қаласы бойынша білім бөліміне қарасты 49 білім беру мекемесі қызмет атқарады. Оның ішінде 27 жалпы орта білім беретін мектеп, 16 мектепке дейінгі білім беру мекемесі, 5 қосымша білім беру мекемесі және 1 кешкі (ауысымды) мектеп жұмыс істейді. Сонымен қатар, Талдықорған қаласы аумағында облыстық маңызы бар бірқатар білім беру ұйымдары, атап айтқанда Д. Рақышев атындағы №3 облыстық қазақ мектеп-интернаты, №20 және №24 мамандандырылған лицейлер, «Білім-инновация» лицей-интернаты бар. Бұдан бөлек, қала аумағында 5 жекеменшік мектеп,  «Әлем» білім беру мекемесі, «Innoverse-Taldyqorgan», «Zhetysu School», «Dostyq School Taldyqorgan», «Умные детки» мектептері, сондай-ақ республикалық «Назарбаев Зияткерлік мектебі» өз қызметін жүзеге асыруда. Жалпы 2025–2026 оқу жылында қала мектептерін 11-сынып бойынша 1 756 оқушы тәмамдады. Олардың қатарында 75 бітіруші «Алтын белгі» төсбелгісіне, 102 оқушы үздік аттестатқа үміткер.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз