Оқу жылы табысты қорытындылануда

3

Қазақ халқының ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы: «Адамға тіл, құлақ қандай керек болса, білім де сондай керек» деген. Расында, білім  адам өмірінің басты құндылығы. «Бұл заман білекке емес, білімге сенетін заман» деген сөз де қазіргі уақыттың айқын көрінісі. Мемлекеттің ертеңгі тағдырына жауапты жас ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуы үшін елімізде барлық жағдай жасалуда. Білім саласындағы жаңашылдықтар мен мүмкіндіктер оқушылардың жан-жақты дамуына жол ашып келеді.

Міне, тағы бір оқу жылы аяқталуға жақын. Бұл жыл оқушылар үшін ізденіс пен білімге толы, жетістіктер мен жаңа белестер жылы болды. Ұстаздардың қажырлы еңбегі мен ата-аналардың қолдауының арқасында шәкірттер бірқатар табыстарға қол жеткізді. Бұл ретте Талдықорған қаласы бойынша білім бөлімінің басшысы Шынар Шәріпбаева «Бүгінгі қоғамның басты талабы – жан-жақты дамыған, білімді, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу. Осы бағытта аянбай еңбек етіп келе жатқан ұстаздар қауымының еңбегі ерекше құрметке лайық. Педагогтердің табандылықтары мен кәсіби шеберліктерінің арқасында оқушыларымыз сапалы білім алып, болашаққа нық қадам басуда. Шәкірттеріміз түрлі білім бәйгелерінде, олимпиадалар мен шығармашылық, спорттық сайыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, қаламыздың мерейін асқақтатты»-деп атап өтті.

Айта кетейік, биылғы жылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу 10 мамырда басталды және 10 шілдеге дейін жалғасады. Қазіргі уақытта Талдықорған қаласында негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру және өткізу бойынша барлық қажетті ұйымдастырушылық іс-шаралар орындалды. Медициналық қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздік, өрт қауіпсіздігі, психологиялық сүйемелдеу және ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлерге жағдай жасау мәселелері толық қамтамасыз етілген. ҰБТ-ны өткізу барысы өңірлік мемлекеттік комиссияның және Талдықорған қаласы бойынша білім бөлімінің тұрақты бақылауында. Өңірде ҰБТ өткізу пункті ретінде Ұлттық тестілеу орталығының «USTADY» тестілеу орталығы белгіленген. Тестілеу пунктінде тек қаламыздың мектеп түлектері ғана емес, осы пунктке тіркелген барлық талапкерлер тестілеуден өте алады. Олардың қатарында Талдықорған қаласындағы 27 жалпы орта білім беретін мектеп пен 1 кешкі (ауысымды) мектептің түлектері, облыстық білім беру ұйымдарының, жекеменшік мектептердің түлектері, сондай-ақ, жақын орналасқан аудандардың талапкерлері бар.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз