Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің цифрландыру және ЖИ саласындағы стратегиялық бағдарын баяндады

4

«Қазақстан цифрлық ел болуды көздеп отыр. Бұл – еліміздің алдында тұрған стратегиялық мақсат.

Осы жыл Қазақстанда «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды.

Астанада Alem.ai жасанды интеллект орталығы ашылды. Сондай-ақ біз екі суперкомпьютерді іске қостық. Келесі қадам – «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру.

Бұл жоба аймақ елдеріне жетекші технологиялық компаниялар мен жаһандық цифрлық капиталды тартуға зор мүмкіндік бермек.

Біз Қазақстанды аймақтық хаб ретінде дамыту үшін көші-қон үдерісін оңтайландыра бастадық.

Шетелден келген кәсіпкерлерге, инвесторларға, білікті мамандарға арналған «Алтын визаны» енгіздік. Мұндай виза алған адамдар мемлекеттік және қаржылық қызметтерге Қазақстан азаматтарымен тең дәрежеде қол жеткізе алады.

Сонымен қатар елімізде Цифрлық кодекс қабылданды, Жасанды интеллект туралы заң күшіне енді.

Біз білім саласындағы цифрлық инфрақұрылымды дамыту және озық технологияны меңгерген педагогтерді даярлау мәселесіне, білім беру жүйесін әр оқушының қабілетіне сай бейімдеу, олардың дербес деректерін қорғау ісіне ерекше мән беріп отырмыз.

Осы мақсатпен мен жақында Жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл да Қазақстанның болашағы үшін жасалған өте маңызды қадам деп айтуға болады.

Алдағы уақытта еліміздің цифрлық даму бағдарын айқындайтын Digital Qazaqstan стратегиясы бекітіледі.

Таяуда Алматы қаласында Тұрақты дамуға ықпал ететін цифрлық шешімдер орталығы ашылды. Бұл бастама Біріккен Ұлттар Ұйымының аймақтық экономикалық және әлеуметтік комиссиясының қолдауымен жүзеге асырылады.

Қазақстанға тілектестік танытып, осы жобаның тең авторлары ретінде бұл жұмысқа мол үлес қосқандарыңыз үшін Сіздерге алғыс айтамын.

Сонымен қатар наурыз айында Түркі кеңесі сарапшыларының қатысуымен Шымкент қаласында «Жасанды интеллект және цифрлық даму» халықаралық конференциясы өтті.

Бұл іс-шара елдеріміздің осы саладағы ынтымақтастығы мен мүдделестігін айқын көрсетті».

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз