«Таза Қазақстан»: Жетісуда Ұлы Отан соғысына қатысушыларға арналған ескерткіштердің маңайы тазаланды

Жетісу облысының аумағында Ұлы Отан соғысына қатысушыларға  арналған 112 ескерткіш бар. «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Жеңіс күні қарсаңында осы ескерткіштердің маңайы тазаланып, абаттандырылды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір бойынша ескерткіштер негізінен аудандар мен қалалардың орталық алаңдары мен елді мекендерінде орналасқан.

— Өткен жылы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіштерге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Биыл ескерткіштердің аумақтарын қоқыстан тазарту, көгалдандыру, сырлау жұмыстары атқарылып, оған жастар, еріктілер, елді мекен тұрғындары белсене қатысты. Жалпы, мұндай тазалық шаралары тұрақты түрде жүргізіледі. Отан соғысының қатысушыларына арналған ескерткіштер – бейбіт өмір жолында жанын қиған батырлардың рухына қойылған тағзымның белгісі. Сондықтан оларды күтіп ұстау, маңайын ретке келтіріп, тазалауға қатысу – әрбір азаматтың парызы, — дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов.

Мәселен, Алакөл ауданы Қабанбай ауылындағы ескерткіштің айналасын тазалауға қатысқан ауыл тұрғыны Фарида Дүтпаева мұндай шаралардың маңызы зор екенін айтады:

— Бұл ескерткіш – сұрапыл соғыс жылдарында туған жерден майданға аттанып, ел тыныштығы мен болашақ ұрпақтың бейбіт өмірі үшін жанын қиған Қабанбай ауылының ержүрек жауынгерлеріне арналған. Бұл — біз тағзым ететін қасиетті орынның бірі. Жыл сайын Жеңіс күні қарсаңында ауыл тұрғындары жиналып, ескерткіш аумағын тазалап, жуып, ақтау жұмыстарын жүргізуді дәстүрге айналдырған. Осындай игі жұмыстар арқылы кейінгі ұрпақ ел тарихын дәріптеп, батырлардың рухына құрмет көрсетіп үйренеді деп ойлаймын, — дейді ол.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотосуреттерді өңірдің аудан-қалаларының әкімдіктері ұсынды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз