Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай бұдан былай мемлекеттік қызметке қабылдану тәртібі жеңілдемек. Осыған байланысты Мемлекеттік қызмет туралы заңға арнайы түзетулер енгізілген. Онда мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жою және қызметтен шығу тәртібін жеңілдету туралы жаңа тәсілдер қамтылған.
Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев 2022 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша кеңейтілген алқа отырысында баяндады дейді агенттіктің баспасөз қызметі.
Дархан Медеғалиұлының мәліметінше, енді жаңа заң ережелеріне сәйкес, жоғары оқу орындарын бітірген үздік түлектер ауылдық және аудандық деңгейлердегі қызметке конкурссыз тағайындалады. Нақтырақ айтсақ:
Біріншіден, мемлекеттік грантпен оқу орындарын аяқтаған үздік түлектер аудан мен ауылда төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындалатын болады.
Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді.
Екіншіден, «Б» корпусының жоғары лауазымдарына уәкілетті органның келісімімен конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындау мүмкіндігі беріліп отыр. Бұл бірінші басшылардың өз қызметшілері үшін жауапкершілігін арттырады.
Үшіншіден, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жоғары үлгерімін көрсеткен түлектері оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде елорданы қоспағанда, жергілікті органдарға жекелеген лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тағайындау қарастырылды.
Төртіншіден, екі тоқсан бойы тиімсіз деп бағаланған қызметшілердің лауазымы төмендетіледі. Ал, төменгі бос лауазым болмағанда – қызметтен шығарылады. Бұл аппаратты тиімсіз мемлекеттік қызметшілерден босатуға ықпалын тигізіп, мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдетеді.