« Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын талдықорғандық мұғалім иеленді

323

Баршамызға белгілі, бұдан былай  мұғалімдер мерекесі  бүкіл әлемдік  ұстаздар күнімен ұштастырылып 5 қазан болып бекітілді. Педагогтер съезі биыл алғашқы рет өткізіліп, оның жұмысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

Президент:  «Менің бастамаммен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» жеке Заң қабылданды. Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Жақында балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды. Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстың бәрі алынып тасталды. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне баса мән беріліп жатыр. «Болашақ» бағдарламасымен үш жылда 220-ға жуық педагог шетелде оқып келді. Мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап күшейді. Осы саладағы студенттердің стипендиясы 2,5 есе көбейді. Бір сөзбен айтқанда, біз, ең алдымен, білікті ұстаз даярлау ісіне айрықша мән беріп отырмыз», — деді.

Ал Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорған қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Светлана Исаеваға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы»  атағын табыстады.

-Астанада өтіп жатқан педагогтер съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі білім саласына үлкен үлес қосып жүрген бір топ педагогтерді  «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» төсбелгісімен марапаттаған болатын.  Президенттің арнайы қаулысына сәйкес солардың арасында  Жетісу облысының мұғалімі  Светлана Нұрғазықызы да  бар болатын.  Ұстаздық – ұлы есім. Қаншама шәкірттеріңіз облыстық, республикалық, халықаралық білім бәйгесінде топ жарып жүр екен. Алдыңыздан  саналы да тәрбиелі  азаматтар үлкен өмірге қанаттанып жүр. Сіздің еңбегіңізге табыс, отбасыңызға амандық тілеймін,- деді облыс басшысы.

Айтар болсақ, Светлана Нұрғазықызының білім саласында еңбек еткеніне 41 жылдан асыпты. Еңбек жолын Алакөл ауданындағы Ынталы орта мектебінен бастап, Көксу ауданындағы  Н.Алдабергенов атындағы орта мектептерінде қызмет жасады. Ал 2000 жылдан бүгінгі таңға дейін Талдықорған қаласындағы М.Жұмабаев атындаға орта мектеп-гимназиясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.  Ы.Алтынсарин төсбелгісі , «Білім саласының үздігі»  деген атақтардың иегері.  Сондай-ақ,  «Үздік педагог» облыстық байқауының жүлдегері, «Кемелтану», «Мағжантану» және «Ежелгі дәуір әдебиеті» арнайы курстар бағдарламасының авторы.  Өткен жылдары «Атамекен» білім мен ғылымды дамыту орталығы ұйымдастырған  халықаралық педагогтер байқауында «Тәрбие бағдарламасының тәуелсіздік бастауында білім мекемелерінде оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастырудағы этнопедагогикалық, этнопсихологиялық ықпалы» атты авторлық еңбегі жоғары бағаланды.

Светлана Исаева: «Ұзақ жылғы ұстаздық еңбегімнің жемісі. Мемлекеттік марапатқа ие болып жатқандығым еңбектің бағаланғандығы деп ойлаймын. Еліміздің ұстаздарына тұңғыш рет беріліп жатқан жоғары атаққа ие болып жатқандығыма қуаныштымын.   Білім мен біліктілігімізді шәкірт тәрбиелеу ісіне жұмсаймын. Барлық ұстаздар қауымын мерейлі мерекемен құттықтаймын»

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз