«Болашағың – өз қолыңда»: Жетісуда жастарға арналған профилактикалық кездесу өтті

5

Жетісу облысында жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және нашақорлықтың алдын алу мақсатында «Болашағың – өз қолыңда» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды.

Іс-шараға колледж студенттері қатысып, зиянды әдеттердің алдын алу, салауатты өмір салтын қалыптастыру және жастардың саналы өмірлік ұстанымын дамыту бағытында маңызды ақпарат алды.

Кездесу барысында жастарға есірткі және психотроптық заттардың адам денсаулығына, психологиялық жағдайына және қоғамдағы орнына тигізетін кері әсері туралы жан-жақты түсіндірілді. Мамандар нашақорлықтың алдын алу жолдары, зиянды әдеттерден сақтану және әр адамның өз болашағына жауапкершілікпен қарауы туралы айтып өтті.

Шара аясында арнайы шақырылған сала мамандары есірткі заттарының адам өміріне тигізетін зияны, оның денсаулыққа, болашаққа және әлеуметтік жағдайға әсері туралы кеңінен тоқталып, құқықтық жауапкершілік мәселелерін де түсіндірді.

Полиция майоры Дастан Маликжанұлы Мырзақұлов жастар арасында есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу – маңызды басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Ол есірткі заттарын қолдану адам денсаулығына, болашағына және қоғамдағы орнына зор қауіп төндіретінін, сондай-ақ мұндай әрекеттер заң алдында қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ерекше атап өтті. Спикер жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, өз болашағына жауапкершілікпен қарауға және зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырды.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, оған 100-ге жуық студент қатысып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандармен пікір алмасты. Мұндай формат жастарға өз ойларын еркін білдіруге және қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.

Аталған іс-шара жастардың ақпараттық және құқықтық сауаттылығын арттыруға, олардың зиянды әдеттерден аулақ болуына және салауатты өмір салтын таңдауға бағытталған маңызды профилактикалық алаңға айналды. Сонымен қатар, кездесу жастардың өз болашағына жауапкершілікпен қарап, қоғамдағы жағымсыз құбылыстарға қарсы белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруына ықпал етті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз