Білегінде — қайрат, жүрегінде — мейірім

3

Қоғамда ерлерге тән деп есептелетін, қатал тәртіп пен қас қағым сәттік шешімді талап ететін салалар бар. Соның бірі – азаматтық қорғау қызметі. Алайда, осы бір от пен жалынның ортасында жүрген батырлардың ту сыртында, әрбір жедел әрекеттің басында байсалды дауысымен бағыт беріп, үрей мен үміт арпалысқан сәтте сабыр сақтайтын нәзік жандылар тұр. Олар – білегінде қайраты, жүрегінде мейірімі бар бүгінгі заманның қаһармандары. Шұғылалы көктемнің алғашқы мерекесі – 8 наурыз қарсаңында біз погон таққан аруларымыздың тек сұлулығын ғана емес, олардың иығындағы ауыр жауапкершілік жүгін де тілге тиек етуді жөн санадық. Жетісу өңірінің қауіпсіздігін 18 жыл бойы күзетіп келе жатқан азаматтық қорғау капитаны Гүлзат Байбаракованың еңбек жолына үңілдік.

Гүлзат Елшібайқызы Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаментінің жүрегі іспеттес. Мұндағы Жедел басқару орталығында телефон бір сәтке де тынбайды. Орта есеппен тәулігіне «101» желісіне 300-ден астам қоңырау түседі. Әр қоңыраудың артында – адам тағдыры.

«19  жасымда алғаш диспетчер болып жұмысқа орналасқанымда, әрбір дабылдан жүрегім ұшып, қобалжитынмын. Бұл салаға сырттан келген адамға бәрі оңай көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде, біз тек ақпарат қабылдамаймыз, біз психологпыз. Тұтқаның арғы жағында жылап, айқайлап тұрған адамды сабырға түсіріп, нақты мекенжайды анықтап, құтқарушыларды аттандыру үшін секундтармен санасамыз», – дейді кейіпкер.

Қатардағы қызметкерден бөлім бастығына дейін

Гүлзаттың еңбек жолы – нағыз кәсіби өсудің үлгісі. Ол қарапайым диспетчерден бастап, бүгінде Өрт байланысы орталық пунктінің бастығы деңгейіне дейін көтерілді. 18 жылдық тәжірибе оны тек жақсы маман ғана емес, байсалды басшы етіп қалыптастырды. Оның айтуынша, бұл жұмыста қателікке орын жоқ. Сауатты қабылданған шешім – аман қалған адам өмірі мен сақталған мүлік.

Погон таққан ана

Қызметте  талапшыл  капитан  болса, үйінде – үш баланың аяулы анасы, сүйікті жар. Қызметтен кейін Гүлзат әрдайым өзін жылулықпен, қолдаумен және түсіністікпен қарсы алатын отбасына асығады.

«Спортта немесе құтқару саласында жүрген қыздар ер мінезді болады деген түсінік қате. Қазақ  қызы қашанда қайсар болған, бірақ сонымен бірге нәзіктігі мен қарапайымдылығын жоғалтпаған. Мен де сол ұлы аналарымыздың жолын жалғап, халқымның мақтанышы болғым келеді», – деп ағынан жарылды Гүлзат Елшібайқызы.

Мереке күндері де кезекшілікте жүретін кейіпкеріміз үшін ең үлкен сыйлық  –  елдің амандығы. Желіге түсетін қоңыраулар тек алғыспен аяқталса, құтқарушы арудың бақыты да осы.

Ардақты аналар, аяулы арулар! Шұғылалы көктем мерекесі құтты болсын! Әрбір шаңыраққа амандық, береке тілеймін. Баршаңызға әйел бақытын, отбасы амандығын және таусылмас төзім тілеймін. Жүздеріңізден күлкі, көңілдеріңізден көктем кетпесін! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын. Көктемгі көңіл-күй серігіңіз болғай!

Арай НҰР

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз