Жетісу облысында 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай бірқатар мерекелік шаралар өтуде. Соның ішінде аудандар мен қалаларда әдеби сазды кештер, көрмелер, кездесулер, байқаулар, экскурсиялар және басқа да мәдени-танымдық шаралар жоспарланып отыр, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық деңгейдегі және өңірдің барлық аудан-қалаларындағы мәдениет нысандарының ұжымдары әйел-аналарды құттықтауға арналған мерекелік іс-шаралар өткізуге белсене қатысуда.
Мәселен, Талдықорғандағы Көркемсурет галереясында «Анамның бейнесі» атты мектеп оқушылары және студенттердің жұмыстарынан көрме-байқау ұйымдастырылады. Сол сияқты М.Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі «Ұлт руханиятындағы әйел бейнесі» тақырыбында көрме ұсынса, өңірдегі басқа да музейлер тақырыптық экскурсиялар мен лекциялар өткізуде. С.Сейфуллин атындағы облыстық орталық кітапханада «Ана — мәңгілік шырақ» кітап көрмесі қойылады.
Ауқымды мерекелік концерт 7 наурыз күні Талдықорғанның орталық алаңында өтеді. Сол күні қалада кешкі велошеру ұйымдастырылады. Шараға мектептердің дене шынықтыру пәні мұғалімдері, облыстық киокушинкай каратэ федерациясының өкілдері, велоспорт қауымдастығының мүшелері және барлық ниет білдірушілер қатыса алады. Ұзындығы 2 км болатын велошеру Қабанбай батыр ескерткіші маңынан басталып, орталық алаңда түйінделеді.
— Халықаралық әйелдер күніне орай облыстың барлық мәдени мекемелерінде 5 наурыздан мерекелік шаралар басталды. Аудан-қалалардағы, елді мекендердегі мәдениет үйлері де бұл істен тыс қалмайды. Әйел-аналарға деген құрмет, олардың отбасын ұйыстырудағы, қоғамдық салаларды дамытудағы рөлін айшықтайтын мазмұнда өткізіліп отыр. Бұл шаралардың тәрбиелік мәні зор болады деп ойлаймын, — дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев




























